Киносының 40% осында түсіреді – Қазақстанға Джеки Чан келе жатыр

Әлемдік актердің Қазақстанға келетінін Ulysmedia.kz тілшісіне Salem Entertainment компаниясының PR директоры Ролан Рысбаев хабарлады.
ДЖЕКИ ЧАН НЕ ҮШІН КЕЛЕДІ
Әлемдік жұлдыздың компаниясы Қазақстанның Salem Entertainment компаниясымен әрі Джеки Чанның өзінің қатысуымен үш жобаны жүзеге асыру бойынша келісімшарт жасаған. Олардың екеуі — көркем фильм, ал біреуі «Джеки Чанның шытырман оқиғалары» атты анимациялық сериал.
Джеки Чанның өзі Қазақстанға келеді. Қазақстан – осы жобалардың бірінің негізгі түсірілім орындарының бірі. Түсірілімнің 40%-ы Қазақстан аумағында өтеді, қазіргі уақытта лайықты локациялар іздестіріліп жатыр, – дейді Ролан Рысбаев.
Компания өкілі Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына жөнінде айта келе бұл екі ел үшін де үлкен тәжірибе болатынын атап өтеді.
Әсіресе, каскадерлік мектеп пен түсірілім тобы арасында тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады. Бізде де әлемдік деңгейдегі мамандар бар, сондықтан осындай ауқымды жобада жұмыс істеу — біз үшін үлкен қуаныш, – дейді ол.
БҰҒАН ДЕЙІНГІ САПАРЫ
2017 жылы Астанаға Қазақстан-Қытай кинофестивалінің ашылу салтанатына әйгілі актер, режиссер, продюсер, сценарист, монтажер әрі каскадер Джеки Чан келген еді. Қазақстанға алғаш рет табан тіреген актер кинофестиваль алдында журналистермен жүздесіп, көкейде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берген болатын.