Актюбинская областьВыбор редакции

«Кінәмді мойындаймын». Түрмеде отырған он саусағы жоқ жігіт жан сырын ақтарды

Ақтөбедегі ҚАЖ департаментіне қарасты №8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 37 жастағы жігіттің он саусағы жоқ. Соған қарамастан шебер. Ағаштан ойып, түрлі бұйымдар жасайды. Тағдырдың түрлі тауқыметін тартқан мүмкіндігі шектеулі жан Экспресс К тілшісіне қиындықты қалай жеңгенін айтып берді.

Алексей (аты-жөні өзгертілді — ред.) Ақтөбе қаласында туып өскен. Отбасында өзінен кейін інісі бар. Осыдан бес жыл бұрын он саусағынан айырылған. Қақаған қыста сапарға шыққан Алексей Ақтөбе мен Бестамақтың ортасында үсіп қала жаздайды. Өзі сәл ішімдік ішкен жігітке көлік те тоқтамайды. Сол күні далада 42 градус аяз болыпты. Қызумен ештеңені білмеген жігіт, үйіне жеткеннен кейін саусақтарының солқылдап ауырғанын сезеді. Жаны мұрнының ұшына келген соң жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер ота жасамаса болмайтынын айтыпты. Осылайша он саусағынан бірден айырылған Алексей алғашқыда қатты қиналады.

Әуелгі кезде барлығы қиын болды. Тамақ іше алмаймын, өздігімнен ештеңе істей алмадым. Бірақ біртіндеп үйрене бастадым. Үйренбеске амал жоқ еді,

дейді Алексей.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Алексей түрмеге ақша ұрлағаны үшін түсіпті. Оқиға былай болған. Бір таныс келіншектің үйіне барады. Сол жерде әйел екеуі алкогольдік ішімдік ішеді. Бір кезде әйелдің ұйықтап қалғанын пайдаланып, оның бір жарым миллион теңгесі мен өзге де шетел валютасын ұрлап, тайып тұрады. Алайда қылмысы көп ұзамай ашылды.

Ақша ұрлап, үш жылға сотталдым. Қазір екі жылын артқа тастадым. Өз ісіме өкінемін. Кінәмды мойындаймын. Өз қолыммен жасағанды мойныммен көтеремін,

— дейді Алексей.

Ол жазасын өтеп жатқан мекемеде сотталғандар үшін қолданбалы өнер және шығармашылық көркемөнер секциясы бар. Бұл жерде мекеме қызметкерлерінің қолдауымен сотталғандар өздеріне ұнаған бұйым түрлерін жасайды. Алексей де келген күннен бастап өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысты.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

«Осы жерге келген кезде сотталғандардың қобдиша, нарда, түрлі картина жасағандарын көрдім. Қызықтым. Мекеме бастығының орынбасары Қанат Абдусаматұлына айттым. Ол бірден қолдап, секцияға қатыстырды және бізге осындай бұйым жасау үшін ғимарат тауып берді. Қазір қолымнан келгенше түрлі бұйым жасап жатырмын. Негізі мамандығым механизатор. Бірақ адам басына түскен іске көнеді екен», — дейді Алексей.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Алексей алғашқыда ағаштан түйін түюдің оңай болмағанын айтты. Алайда уақыт өте келе істің қызығына түсіп, қолын икемге келтірген. Қазір ол қобдиша, түрлі бұйымдар жасайды. Бір сәт те бос отырмайды.

Былтыр Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелер арасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Үміт-2021» облыстық байқауы өтті. Осы сында Алексей сіріңке талшықтарынан үй тұрғызып, екінші орын алыпты.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Алексейдің айтуынша, оған мүгедектік тағайындауға аталған мекеменің медицина бөлімінің бастығы, әділет майоры Азамат Әбуғалиев көмектескен. Алексейді медициналық тексерулерден өткізіп, құжаттарын реттеген. Осылайша тиісті мекемелерге жіберіп, мүгедектік жәрдемақы тағайындалған.

«Мүгедектік бойынша бостандықта тағайындай алмаған жәрдемақыны осы түрмеге келгеннен кейін мекеменің медицина қызметі реттеп берді. Сол үшін медицина қызметі бастығынан бастап, осы жердегі азаматтарға алғысымды айтамын. Бұл мен үшін үлкен көмек. Қазір жәрдемақымды анам алып отыр. Жазамды өтеп шыққаннан кейін, зиянды әдеттерден арылып, жаңа өмір бастағым келеді. Бұл жерде көп нәрсе сабақ болды. Отбасын құрғым келеді», — деді Алексей.

Түрменің аты — түрме. Бұл жерде ешкімді жайлы төсек, дәмді тамақ күтіп тұрған жоқ. Дегенмен, мекеме қызметкерлері жазасын өтеушілерге талапқа сай қызмет көрсетеді. Таза төсек, дәрумендер қосылған тағамдар сотталғандардың көңілінен шығады.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

 

Мекеме әкімшілігі де сотталғандардың енді қайтып тар қапасқа келмеуі үшін, яғни бостандықта қоғамға тез бейімделіп, қайта қылмыс жасамауы үшін түрлі мүмкіндіктерді қарастырады. Түрме жанындағы көпсалалы колледжден әр түрлі техникалық мамандықтарға тегін оқытып, түрмедегі өндіріс цехтарынан жұмыс тауып береді. Жазасын өтеп болғандар түрмеде алған мамандықтарын бостандықта отбасыларын асырауға жаратып жатады.

«Жалпы Ақтөбедегі түзеу мекемесінде медицина қызметкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі сотталғандарға мүгедектік тағайындап беру жағдайы жиі болып тұрады. Мәселен, бұған дейін осы мекеменің медицина қызметі бостандықта екі көзі көрмей қалған жазасын өтеушіге мүгедектікті осы темір торға түскеннен кейін тағайындап, жәрдемақыға қол жеткізуіне көмектесті. Негізі, түзеу мекемесінің әкімшілігі мен қызметкерлері тарапынан көрсетілетін қолдаулардың сотталғандар үшін маңызы жоғары. Себебі, әлеуметтік және психологиялық қолдаулар темір торға тап болғандардың оларды бостандықта күтетін жақындарына тез оралуларына үміт сыйлап, жігерлендіреді», — дейді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Другие новости

Back to top button