ГлавноеГосорганы

«Кінәлі адамдар жауапқа тартылады» — Премьер-Министр Екібастұздағы ТЖ туралы

30 қараша күні кешке ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен бірнеше күн бұрын жылу беру жүйесінде апат болған Екібастұз қаласына барды, деп хабарлайды Экспресс К Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Әлихан Смайылов қалалық ЖЭО-дағы ахуалмен және Павлодар облысы әкімінің м.а. Ә. Сқақов пен «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры м. а. В. Лесиннің баяндамаларымен танысты. Сондай-ақ, ол төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап арнайы жедел штаб құрылғанын және апаттың салдарын жою үшін барлық қажетті мамандар тартылғанын атап өтті.

 

Жағдай дереу бақылауға алынды. Алғашқы күндері апатты жерлерді анықтауда қиындықтар болды, бірақ қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгін-ертең барлық тұрғын үйлерге жылу беру жұмыстары аяқталады деп отырмыз,

— деді Премьер-Министр.

 

Үкімет басшысының айтуынша, апатқа жылу желілерінің әбден тозуы, жаңғырту үшін инвестициялардың жетіспеуі, сондай-ақ жылу орталығы басшылығының салғырттығы себеп болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жылумен жабдықтау желісіне жоғары қысым беріліп, оның кесірінен 15 жерде бір уақытта құбырлар зақымданған.

 

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Премьер-Министр қазіргі уақытта тиісті тергеу жүргізіліп жатқанын, оның нәтижелері бойынша барлық кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын айтты. Одан бөлек, ЖЭО тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны жаңғыртуға және қалалық жылу желілерін жаңартуға инвестициялар салу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

 

ЖЭО немесе жылу желілерінде оқыс жағдайлар орын алған Өскемен, Рудный, Риддер және басқа қалалардың тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мәселелері де бақылауда,

— деді Әлихан Смайылов.

 

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты және жылусыз қалған үйлердің бірінің тұрғындарымен сөйлесті.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

 

Нәтижесінде, Үкімет басшысы әкімдікке халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, әлеуметтік желілер мен «жедел желі» арқылы түсетін қала тұрғындарының барлық сұранысына жедел жауап беру қажет екенін айтты.

Другие новости

Back to top button