ГлавноеГосорганы

«Кімнің мүддесі бар бұл жерде?»: депутат Аралбай елге көлік кіргізуде қойылатын шектеуге қарсы шықты

Депутат Нартай Аралбай Үкімет көліктерді жеке тұлғалардың елге кіргізуіне байланысты шектеу қоюын мәселе етіп қозғамақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Нартай Аралбайдың сөзінше, қазір қоғамда шетелден автокөлік әкелемін деген қазақстандықтардың құқығы тағы да шектеліп жатыр деген үлкен мәселе талқылануда. Осы орайда ол Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға ресми депутаттық хатын жолдаған. Ол өзінің әлеуметтік парақшасында ресми хат мәтінін оқып, оқырмандарының алып-қосарлары болса, пікірге қалдыруын сұрады.

«Бүгінгі хатым айлығы шайлығына жетпегендіктен, сіркесі су көтермей жүрген жұрттың қытығына тиюді әдетке айналдырған мемлекеттік органдардың өкілдеріне арналады. Мәселе көлік туралы: мемлекеттік кірістер комитеті 18 қарашада бір ережені бекітіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Не ереже дейсіздер ғой? 1 желтоқсаннан бастап қазақстандықтардың шетелден автокөлік әкелуін шектеуге қатысты! Шаруа шалт қимылмен шешіліпті, себебі ереженің жарияланған уақыты мен іске асатын уақытының арасы екі аптаға да жетпейді. Автокөлік әкелген ағайын онсыз да бітпейтін төлемдерден бас көтере алмай жүргенде бұл неғылған асығыстық? Кімнің мүддесі бар бұл жерде?» – деді Нартай Аралбай.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органның енгізген талабы мынау: біріншіден, шығарылғанына үш жыл толмаған автокөліктерді шетелден тек қана «көлік түрін бекіту» деген ресми құжаты бар адамдар ғана әкеле алады. Ал бұл құжат қазір тек заңды тұлғаларға ғана беріледі. Демек, қарапайым қазақстандықтар 2021 жылға дейін шыққан автокөлікті ғана елге әкелуі керек. Одан жаңасына рұқсат жоқ. Осылайша мемлекеттік орган автонарықты өз қолымен ескі-құсқы темір тұлпармен толтырмақ па деген ой келеді.

«Бүгінге дейін шығарылғанына үш жыл толмаған автокөліктерді шетелден Қазақстанға әкелген азаматтарымыз 923 теңге төлеп заңдастырып алатын. Құзырлы орган осы мүмкіндікті жойып отыр. Мұндай шектеу не үшін керек? Кім үшін керек? Ағайынның ашуына тиген тағы бір мәселе: шығарылғанына үш жылдан асқан автокөліктерді халық қалағанынша әкеле алмайды енді. Жылына тек бір автокөлік әкелуге рұқсат беріледі. Оның өзінде ол жүк көлігі болмауы керек. Ал автокөліктегі орын саны он екіден аспауы тиіс. Ал отбасы мүшелері одан көп болса қайтеді? Жылына бір емес бірнеше автокөлік әкелсе, одан кімге қандай зиян бар? Барлығы ресми төлемін төлесе болды емес пе? Бұл азаматтарымыздың құқығын шектеу емес пе? Қоғамның қытығына тиген тағы бір тұсы бар: шетелден автокөлік әкелген азаматтарымыз енді көлік бағасының кемінде 42 пайызына жететін салықтық төлемдер төлеуі мүмкін деп қоғам дүрлігіп отыр. Онсыз да шетелден автокөлік әкеліп, оның таусылмайтын төлемдерін төлеп, ығыры шыққан елдің қалтасына қайта-қайта түсе беру дұрыс па? Қоғам дүрліккен соң қаржы министрі бұл шешім мұқұят зерделеуді қажет етеді депті. Осыны түсіну үшін қоғам бүгінгідей дүрлігуі керек пе еді?» – деді ол.

Осы тұрғыда Нартай Аралбай мынадай ресми ұсыныстарын жолдады. Олар:

Біріншіден, мемлекеттік кірістер комитеті 18 қарашада жариялап, 1 желтоқсаннан бастап жүзеге асады деген ережені дереу тоқтатып, халықпен ашық талқылау жүргізілсін! Соңғы шешімді халық айтсын!

Екінші, үкімет мүшелері жол апатына жиі ұшырап жолаушылардың көз жұмуына себепкер деп көрсеткен шағын автобустарды реттейтін жаңа тәсіл жасасын! Оның ішінде оң рөлді автокөліктерді де айтып отыр. Белсенді қоғам өкілдері ашық талқылауға тартылсын!

Үшінші Қазақстанда автокөлік құрастырумен айналысатын монополист компаниялардың барлық төлем түрінен босатылғаны жасырын емес.

Сондықтан олар өздері құрастырған автокөліктің бағасын екі есе төмендетсін! Сонда ғана әлемдік нарықтағы баға мен Қазақстандағы автокөлік бағасы шамалас болады.

Другие новости

Back to top button