«Кім екенімді білесің бе?»: дүкенде жанжал шығарған қостанайлық әкім қызметінен қуылуы мүмкін
Қазақстанда шенеуніктердің желіні шулатуы үйреншікті құбылысқа айналып барады. Бұл жолы Қазнетте 23:00-ден кейін ішімдік сатып алғысы келген Қостанай облысындағы Новоильинов ауылдық округінің әкімі Мақаш Таймасов әрекеті қызу талқыға түсті. Сатушы белгіленген уақыттан кейін алкоголь сатудан бас тартқаннан кейін әкім оған жағымсыз сөздер айтып, өзінің қызметтік жағдайын көрсете бастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға жайлы БАҚ-та жазыла бастағаннан кейін іске Этика комитеті араласты. Сот процесінде ол комиссияға «жұбайымен сөйлескеннен кейін өзін-өзі ұстай алмағаны, қатты қобалжығаны және эмоциясын ірке алмағаны» туралы айтқан. Сонымен қатар, ол жанжалға сатушының шенеунікке жеке дұшпандығы себеп болғанын мәлімдеген.
Алайда дүкеннің бейнекамераларына жазылған кадрлардан заңда белгіленген тыйымға қарамастан әкімнің күшті алкоголь сатып алуға тырысқанын көруге болады. Сатушы бас тартқаннан кейін шенеунік өзінің «мәртебесін» бірнеше рет көрсетіп, оны балағаттай бастаған, тіпті дүкен иесіне қоңырау шалмақ болған.
— Сен менің мүмкіндіктерімді білмейсің! Менің кім екенімді білесің бе? — деді дүкен сатушысына шүйліккен Таймасов.
Біраз уақыттан кейін сатушы әйел шенеуніктің уәжіне көніп, оған қалаған алкогольдік сусынын сатқан. Дегеніне жеткен әкім ақшаны лақтырып, кетіп қалған.
Әдеп жөніндегі комиссияның жұмысы барысында шенеунік балағат сөздер сатушыға бағытталмағанын, тек сөздерін байланыстыру үшін қолданылғанын алға тартты.
– Әдеп жөніндегі кеңес Б.Майлин ауданы әкіміне Новоильинов ауылдық округінің шенеунігіне Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін атқаратын қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынады, — деді Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Салықбаев.
Комиссияның барлық мүшелері шенеунікті жұмыстан шығаруды бірауыздан қолдады. Таймасовтың ендігі таңдырын аудан әкімі шешеді.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерді пайдаланушылар арасында наразылық тудырды. Олардың көпшілігі бұл әрекеттен кейін шенеуніктің ешқандай мемлекеттік қызмет атқаруға құқығы жоқ екенін атап өтті.