Кеншілер өмірінің құны немесе АМТ шахтерлерінің жалақысы неге мардымсыз
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындарында шахтерлер қауіпсіздік техникасын бұзбаған жағдайда және жоспарларды толық орындаса, 500 мыңнан 880 мың теңгеге дейін жалақы алады, деп хабарлайды БАҚ.
Қарағандыда өткен баспасөз мәслихаты барысында журналистер жыл сайын кеншілердің өліміне әкеп соқтыратын ірі апаттар орын алатын “АрселорМиттал Теміртау” кәсіпорындарында жұмыс істейтін кеншілердің табысы туралы сұрақ қойды.
Компанияның атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай кеншілер орта есеппен 500-ден 880 мың теңгеге дейін (1120 доллардан 1970 долларға дейін) алатынын айтты. Жұмысшылардың айлық табысының мөлшері қауіпсіздік ережелерін бұзған-бұзбағанына және жоспарды орындағанына байланысты болады. Бұзушылықтар болған жағдайда кеншілердің табысы азаяды.
Сондай-ақ, журналистер 2022 жылдың басынан бері компания шахталарында жарақат алған. қаза тапқан кеншілердің санын сұрады.
«Өткен жылы үлкен апат болды – «Ленин» шахтасында топтық жазатайым оқиға болды, онда 5 адам қаза тапты, бір жылда 18 шахтер жарақат алды. Биыл бізде мұндай апат бірінші рет болып отыр. Жыл басынан бері 8 адам жарақат алды», — деді Огай.
Кеншілерге қандай көмек көрсетіледі
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, ұжымдық шарт ережелері бойынша шахтерлер қаза тапқан жағдайда оның отбасы мүшелеріне әлеуметтік көмек қарастырылған. Атап айтқанда,.он жылдық жалақы төлеу, балаларын жоғары оқу орындарында оқытуға көмектесу, пәтер алып беру. Ауруханада жатқан 11 шахтер жұмыста жоқтығына қарамастан 100% жалақы алады.
«Қазақстан» шахтасында қандай бұзушылықтар анықталды
ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеев «Қазақстан» шахтасында соңғы тексеру өткен жылы болғанын хабарлады. Онда 168-ден астам бұзушылық анықталып, кәсіпорын айыппұл төлеген.
«Адамдардың өміріне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар үшін материалдар экономикалық сотқа берілді. Қазіргі уақытта соттың ұйғарымы бойынша бұзушылықтар екі рет тексерілді. Олар ішінара орындалды, ішінара орындалмады. Апат болған жерде тексерулер жүргізілді, ол бойынша сұрақтар, сондай-ақ талаптардың бұзылуы болды, бірақ адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлар емес», — деді облыстық ТЖД өкілі.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің атқарушы директоры Виктор Гафиулов қазір шахтада 1514 адам жұмыс істейтінін мәлімдеді. Апат жойылып, комиссия өз жұмысын аяқтағаннан кейін кәсіпорындар жұмысын штаттық режимде бастайды.
Еске салайық, кеше “АрселорМиттал Теміртау” көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Жер астында барлығы 227 жұмысшы болған.
Бастапқыда апаттан зардап шеккендер саны алты адамға жеткені хабарланған. Кейін зардап шеккендар саны 13-ке жеткені белгілі болды.
Апат орнынан үш жұмысшының мәйіті табылды. Тағы екі кенші іздестіріліп жатыр.
Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, апатқа жауапты басшылар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.