Недра Казахстана
Келесі жылы 90 млн тоннадан астам мұнай өндіреміз – министр
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет кулуарында келесі жылы мұнай өндірісінің көлемі қанша болатыны туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, биыл, өкінішке қарай, біраз апаттық жағдайлар болды. Сол себепті мұнай өндірісінің көлемін 84 миллион тоннаға дейін жеткізсек те шүкір етеміз. Келесі жылы 90 миллионнан асырайын деп отырмыз. Сонда 71-72,5 млн тоннаға дейін экспорттауға болады. Мысалы, биыл 68 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлағанбыз. Соның өзінде апаттарға, Қашағанда, Теңізде болған жағдайлардың кесірінен 66-65,5 млн тоннаға дейін түсті. Соның бәрін есепке алғанда 84 млн тонна ғана болды», — деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда 2023 жылы мұнай экспортының да көлемі артуы керек.
«Ал келесі жылы өндіріс орындары толық қуатында жұмыс істейді. Яғни, 90 млн тоннадан астам мұнай өндіруге болады және экспорттың да көлемі өседі», — деді Болат Ақшолақов.