Госорганы

Каспий көлінің проблемасын зерттейтін институт құрылады

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев Каспий көлінің тартылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Желіде Каспийдің тартылып бара жатқаны туралы видеолар шығып жатыр. Мұның себебі не және Каспий Аралдың тағдырын қайталайды деп ойламайсыз ба?», — деп сұрады БАҚ өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Айдар Абдуалиев Каспийдің деңгейі жылдар тізбегінде құбылып келгенін айтты.

«Кейінгі 120 жылда оның деңгейі Балтық жүйесімен алғанда -25 метрден -29 метрге дейін құбылған. Қазіргі деңгейі -28,6 метр. Бір жылдары бұдан төмен кездері болған. 1978 жылдан бері көл деңгейі көтерілді де, 2006 жылдан бастап қайта түсті. Яғни, кезең-кезеңмен құбылып тұр. Бұл проблема жоқ деген сөз емес. Климаттан бөлек, Еділден келетін судың азаюы бар», — деді ол.

Ведомство өкілі Каспий суының 95 пайыздайы Еділ өзенінен келетінін еске салды.

«Жайықтың суы да азайып кетті. Сонда Каспийдің тартылуына негіз болатын факторлар баршылық. Бірақ жаңа да айтқанымдай, мұның маусымдық сипаты болуы да мүмкін. Сол үшін Каспий көлінің проблемаларын зерттейтін институт құрылады. Сол институт проблеманы шешудің жолдарын көл жағасындағы елдермен бірлесіп пысықтайды», — деді Айдар Абдуалиев.

Другие новости

Back to top button