Картоп 59 пайызға, пойыз билеті 18 пайызға қымбаттаған: бір жылдағы инфляция қандай
Қазақстандағы инфляция 2025 жылғы қаңтарда үдеп, бір жылда 8,9%, бір айда – 1,1% құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда тарифтер суық суға – 43,2%, су бұруға – 26,1%, орталықтан жылытуға – 23,1%, ыстық суға – 21,3%, электр энергиясына – 18,9%, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға – 12%, қоқыс шығаруға 10,3% өсті.
Жолаушылар темір жол көлігімен жол жүру – 18,6%, қалалық автобуспен – 10,5%, жолаушылар әуе көлігімен 7,2% қымбаттады. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 15,3% өсті.
«Бағаның өсуі картопқа – 59,3%, пиязға – 25,1%, минералды және ауыз суға – 16,7%, темекі өнімдеріне – 14,6%, кондитерлік өнімдерге – 13,3%, сары майға – 13%, салқындатылған сусындарға – 12,3%, қайта өңделген және консервіленген балыққа – 11,9%, жеміс және көкөніс шырындарға 11% белгіленді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасына – 21,6%, сәбізге 5,3% байқалды», — деп хабарлады ұлттық статистика бюросы.
Өңірлер бөлінісінде 2025 жылғы қаңтарда инфляция орташа республикалық деңгейден асатын он екі өңірде қалыптасты, олардың ішінен ең жоғары – Астана қаласында (11,2%), Қарағанды (9,9%), Батыс Қазақстан (9,7%), Солтүстік Қазақстан (9,6%) облыстарында.