Социум

Кандидаттар Оралдағы сауда үйінде тұрғындармен кездесті

Оралда «AMANAT» партиясының партиялық тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ұсынылған кандидат Снежанна Имашева және БҚО мәслихатына ұсынылған кандидат Мұрат Мұқаев «Аяжан» сауда үйінде тұрғындармен кездесті. Жұртшылық үміткерлерге әлеуметтік салаға қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Светлана есімді тұрғын денсаулық сақтау саласын әлі де жетілдіру қажетін айтады. Әсіресе медициналық мекемелер санын көбейтіп, қызмет сапасын жақсарту жайын тілге тиек етті.

— Емханалар мен ауруханаларда дәрігерлер жетіспейді. Науқастар кезекке тұруға мәжбүр. Сонымен қатар қаланың орталығына немесе жаңа шағын ауданына балалар емханасын салып беруді сұраймыз. Өйткені Зачаганск кентіндегі балалар ауруханасы тым алыс. Оқыс жағдайда балаларды жедел жеткізу қиын, – дейді ол.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасында медициналық мекемелер салу қарастырылғанын айтты.

— Алдағы екі жыл ішінде облыстағы ауылдарда 50 медициналық нысан салу жоспарланған. Бұл бастама ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған. Ал Оралда балаларға арналған 150 орындық оңалту орталығын салу көзделген. Ол жаңадан бой көтеретін Ақжайық шағын ауданында салынады, — дейді кандидат.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер Снежанна Имашева медициналық қызметкерлерді қолдау шараларын жалғастыру жоспарланғанын алға тартты.

— Расымен, қазір еліміздің әр өңірінде дәрігерлер жетіспейді. Біз бұл мәселені шешу үшін кадрларды ынталандыру жайын ойластырудамыз. Медициналық қызметкерлердің жалақысы жылдан жылға артып келеді. Дәл осындай әлеуметтік қолдау болса, маман тапшылығы да біртіндеп жойылады, — деді Снежанна Имашева.

Кездесуде тұрғындар жол құрылысы, кәсіпкерлікті қолдау, интернет сапасын арттыру мәселелерін де қаузады.

— Партия бастамасымен Әбілқайырхан даңғылы жөнделді. Келер жылы Шолохов көшесін жаңғырту жоспарда. Партиялық сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жыл ішінде Оралда кемінде 60 шақырым жолдың жөнделуіне ықпал еткіміз келеді. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағытында жаңа жеңілдетілген несие қарастырылғанын айтқым келеді. Ауылдағы кәсіпкерлер 2,5 пайыздық мөлшермен несие рәсімдей алады. Қаланың дәл іргесіндегі ауылдарда тұратын кәсіпкерлер үшін бұл тіптен қолайлы. Интернет сапасын жақсарту да күн тәртібінен түспейді. Қаперге аламыз, — деді Мұрат Мұқаев.

Кездесу барысында тұрғындарға сайлауалды бағдарламасына қатысты үнпарақтар таратылды.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Другие новости

Back to top button