Выбор редакцииСоциум

Жыныстық зорлық-зомбылық элиталық мектептерде неге жиілеп кетті – сарапшылар пікірі

Алматының халықаралық мектебінде 1-сынып оқушысы зорлыққа ұшырады.

Алматының халықаралық мектебінде 1-сынып оқушысы зорлыққа ұшырады. Шалбары артқы жағынан тесілген күйінде білім ордасынан баласын қарсы алған анасы жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізіп жатыр.

Оқиға 11-13 қыркүйек аралығында болған. Бала Алматыдағы халықаралық мектепте оқиды. Көпбалалы ана ең кенжесінің осындай сұмдыққа тап болғанын бірден түсінбей де қалған.

ІШ КИІМНЕН АҚ ДАҚТАР ТАБЫЛҒАН

«Үлкен қызымды шақырып, баланың жамбасын тексердік. Артқы жағы қызарып, жарықшақтар пайда болыпты. Іш киімде ақ дақтар, көп мөлшерде нәжіс болды. Бірден полицияны шақырдым. Киімдерді экспертизаға бердім. Бұл оқиғадан кейін баламның мінез-құлқы өзгерді. Менен бір қадам ажырамай, айналасына қаталдық танытатын болды. Психикасы бұзылды», — дейді бірінші сынып оқушысының анасы.

Өкініштісі, баланың зорлыққа ұшырағанын артынша медициналық сараптама да растады. Ақ халаттылардың айтуынша, мұндай жарақаттар тек физикалық зорлық-зомбылық салдарынан болуы мүмкін.

Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. ҚК 121-бабының 3-тармағы бойынша қазіргі таңда сот медициналық сараптама тағайындалды. Бірқатар тергеу амалдары қолға алынды.

» alt=»» aria-hidden=»true» />AMP

Azattyq Ruhy тілшісі қоғамды тағы дүр сілкіндірген кезекті бұл оқиғадан кейін мамандар пікірін жариялауды жөн көрді. Өкініштісі, бұл элиталық, халықаралық мектептердегі алғашқы оқиға емес.

ЭЛИТАЛЫҚ МЕКТЕП: АҚША БАР, ЖАН-ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАС ЖОҚ

«Мемлекеттік мектептерде мұндай факт тіркелсе, оны аша салу, көрсету оңай. Ал бұл элиталық, жеке мектеп қой. Ол жерде билік мемлекеттің емес, бір адамның қолында болғандықтан, осы кезге дейін жабулы қазан жабулы күйінде келген болар. Екінші себеп, бұл жерде материалдық тұрғыдан жағдайы, ақшасы бар ата-аналар балаларын мектепке береді ғой. Ақша бар, бірақ жан-жыныстық қатынасы, байланысы жоқ. Сонда мұндай жанұяларда айтылмаған тақырыптар өте көп болады. Бәріне рұқсаты бар бала бойындағы импульстерін билей алмай, әлсіз балаға барып, күш көрсетіп, зорлыққа бас бұруға мүмкіндігі жоғарылайтын шығар. Өйткені оның ақшасы, билігі бар. Ата-ана тәрбиенің орнына ақшамен қамтамасыз етуді жеткілікті деп ойлағаннан осындай мәселе шығады», — дейді психоаналитик Мейіргүл Бимағанбетова.

Ал Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова мектеп басшылығы мен психологтар жұмысынан айырылып қалмас үшін зорлықтың өзін жасыруға тырысатынын тәуелділіктен дейді.

«Өкінішке қарай, мектептің психологы сол оқу ордасының директорына тәуелді. Сондықтан 20 жыл бойы айтып жүргенім, мектептің психологы өзінің айлығын әкімшіліктен немесе басқа бір жерден алуы керек. Ол тәуелсіз болуы тиіс!

Мектеп басшылары – өте қиын тақырып. Олар да тәуелді адамдар. Жұмысынан айырылғысы келмейді. Сондықтан жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деген жаман ниеттері бар. Менің ойымша, бұл мәселені Білім министрлігі шеше алады», — дейді маман.

» alt=»» aria-hidden=»true» />AMP

АГРЕССОРДЫҢ ӘРЕКЕТІ – ПАТОЛОГИЯ

Тіпті, кішкентай баланы зорлауға барған агрессордың әрекетін психоаналитика арқылы түсіндіруге болады. Мамандар пікірі, бұл ретте, мынадай.

«Агрессор баланың мінез-құлқына қатысты айтар болсақ, оның үйінде қандай да бір агрессивтік іс-әрекеттер болып жатыр немесе жыныстық қатынас тақырыбы өте жабық, ол үшін тыйым салынған. Мысалы, бала үш жасында «мына еркек пен ана әйел не істеп жатыр» деп сұраған болуы мүмкін. Сонда сол сұрағы үшін ата-анасы оған ұрысқан немесе тіпті, жазалаған да шығар. Бірақ өзінен кіші балаға агрессивтік қатынас көрсетуі ол баланың жыныстық дамуы патологиялық тұрғыда дамып жатқанын білдіреді. Осындай тұжырымдама жасаймын.

Зорлаушы баланың отбасында әкесі мен шешесінің жыныстық қатынасы ашық түрде көрсетіліп жатуы да мүмкін. Кей отбасыларда баласын ұйықтатып қойып, әйел түнде үйіне бөтен еркекті шақырып, жыныстық қатынаспен айналуы мүмкін. Мұндай көріністі көріп өскен бала өзінің импульстерін билей алмай, құштарлық сезіміне ұрынып, өзінен әлсіз баланы зорлайды. Сондай іспен көрсетіп жатса, бала оны көріп, санасы өзгереді», — дейді психоаналитик Мейіргүл Бимағанбетова.

Анна Құдиярова сонымен қатар қоғамда психологиялық мәдениет пен сауаттылық жетіспей тұр дейді.

«Біріншіден, қандай қиын жағдай болмасын, менің маман ретінде бұл жерде байқағаным, кішкентай ұлы анасына сенбейді. Мектептегі ұлдардың көзқарасы жаман болсын, қолы тисін, ол жүгіріп келіп шешесіне айтатын еді. Ал мынадай қиямет-қайым болғанын анасына айтпаған. Сондықтан анасы мен әкесінен бастап, бұл отбасына жақсылап психологпен жұмыс істеу қажет. Одан кейін агрессордың отбасымен де жұмыс істеу керек. Тек мектептің емес, тәуелсіз психолог жұмысы ауадай қажет», — дейді Анна ханым.

» alt=»» aria-hidden=»true» />AMP

ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ – АТА-АНА МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТАҚЫРЫП

Жыныстық қатынас жайлы ашық әңгіме айтылмағандықтан, оның салдары ауыр болуы мүмкін.

«Ашығын айтқанда, «секс» тақырыбы – біздің қоғамда жабық. Физикалық емес, эмоциялық тәуелсіздікке бет бұрдық. Сондықтан осы тақырып аз-аздап болсын енді айтыла бастады.

Кино көргенде, сондай эпизодтарда «көзіңді жұм» дейміз. Яғни, бала жыныстық қатынасты қатаң тыйым салынған немесе ұят нәрсе деп қабылдайды. Ұяттан өзге, оның бойында қорқыныш, қызығушылық, құштарлық – неше түрлі сезімдер оянуы мүмкін. Зигмунд Фрейд айтып кеткендей, алғашқы сцена баланың санасына қалай әсер етті, ары сол тақырыпқа қатысты дамуы осылай жалғаса береді», — дейді психоаналитик Мейіргүл Бимағанбетова.

Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова өзінің «Үнсіз педофилия» кітабында бұл тақырып турасында ақпараттар жазылғанын айтып өтті.

«Бұл – өкінішті жағдай. «Стоп педофилия»/«Педофилияның алдын алу» атты 3-4 жылға жалғасқан акциямызды аяқтадық. Психоанализ қауымдастығының мамандары шулап, осы мәселені көтеріп жүрміз. Талай соттарға да бардық. Біздің Телеграм-арнамызда (Психоанализ Центральной Азии) жантүршігерлік оқиғаларды жаздық. Кітабымызды сол жерден тегін жүктеп кез келген адам оқи алады. Ол жерде біз педофилдердің психологиялық сипаттамасын жаздық. Олардың құрбаны болған жасөспірімдердің сипаттамасын беріп жатырмыз. Ата-аналардың міндеттері қандай болуы керек, осындай сұмдық жағдайда не істеу керек, кімнен көмек сұрауы керек, оны да қазақ тілінде жаздық. Қоғамға қосқан үлесіміз осы. Сауатты болыңыз, құрметті ата-ана!» — дейді Анна Құдиярова.

» alt=»» aria-hidden=»true» />AMP

Айта кетерлігі, жантүршігерлік бұл зорлық оқиғасынан кейін, шулатып жүріп, оқиға болған халықаралық мектеп директоры журналистерге кеше сұхбат берді.

«Бұл оқиға жөнінде ең алғаш полиция қызметкерлерінен естідік. Оларға мектептегі барлық видеожазбаларды бердік. Тергеу амалдарына барынша көмектесіп жатырмыз. Дәретхана ішінде камера болмады. Сол жер күдік тудырып отыр. Бірақ бала онда 30-40 секундтан 15 минутқа дейін уақыт өткізген. Бір рет 7-сыныптың оқушысымен кездесіп қалды. Дәретханадан шыққан соң, оның бойында қандай да бір өзгерістер байқағанымыз жоқ», — дейді мектеп директоры Ирина Логинова.

Алайда мектеп директоры өзіне шабуыл жасаған соң, баланың анасы әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтты.

Қазір сұмдық жағдайды Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева да өз бақылауына алды. Ал зәбір көрді деп танылған оқушымен психолог жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары да жалғасып жатыр.

Еске салайық, 2022 жылы мамырында Алматының тағы бір жекеменшік мектебінде 1-сынып оқушысы төрт ай бойы жоғары сынып оқушылары тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

Другие новости

Back to top button