Госорганы

Жыл басынан бері 7 әскери қызметші мен 2 курсант суицид жасаған

Жыл басталғалы әскерде 9 суицид жасау фактісі тіркелді. Толығырақ Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Қамалетдинов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Биыл келісімшарт бойынша жұмыс істеген 7 әскери қызметкер өз-өзіне қол салды. Өкінішке қарай, одан бөлек 2 курсант суицид жасады. Олар әскери институтта құрлық әскерлері мен радиоэлектроника және байланыс мамандығында оқыды. Біреуі демалыста жүргенде мерт болды, себеп — махаббат. Ал екіншісі ата-анасымен түсініспеушіліктен суицид жасаған. Біреуі бесінші курста, екіншісі бірінші курста оқып жатты», — деді Сұлтан Қамалетдинов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, вице-министр әскердегі суицидке кім жауапты деген сауалға пікір білдірді.

«Бұл жерде әр суицидтік жағдайды бөлек қарау керек. Отбасылық-тұрмыстық, қаржылық проблемалардың салдарынан жасалған суицид негізінен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен офицерлер арасында болады. Бұл жерде командирлердің кінәсі жоқ. Ал әскери міндетін өтеуші сарбаздар үшін командирлер толық жауапты», — дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін С. Қамалетдинов құмар ойынға әуес 11 әскери қызметшінің жұмыстан шығарылғаны туралы айтқан еді.

Другие новости

Back to top button