Госорганы

Журналистер қаруланған қақтығыс аймағында жұмыс істеуге дайындықтан өтуі мүмкін

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Әскери дискурс» экстремалды журналистика бойынша оқу-практикалық семинар өткізуді ұсынды. Мұндай ұсынысты ол Сенат депутаттарының сауалына орай жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғаныс министрлігінде Сіздердің азаматтық адамдарды 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге мерзімді әскери қызмет өткеру шарттарында әскери қызметке қабылдау туралы сұрау салуларыңыз қаралды. Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің оң бейнесін қалыптастыру және қолдау мақсатында әскердің тіршілік әрекетін жария ету бойынша ақпараттық жұмысты ұдайы негізде жүргізуде. 2023 жылдың тек өткен кезеңі бойынша Қарулы күштер туралы 6 369 ақпараттық материал шығарылды», – деп атап өтеді Руслан Жақсылықов.

Сонымен қатар, министр азаматтық адамдарды мерзімді әскери қызмет өткеру шарттарында әскери қызметке қабылдау мәселесін іске асыру үшін мыналар қажет етілетіндігіне назар аудартады:

1) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына, «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысына оларды әскерге шақыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

2) «блогер» статусын беру тәртібін айқындау;

3) осы мәселені қаржылық қамтамасыз ету;

4) азаматтық адамдарды жауынгерлік даярлау, оның ішінде оларды әскери антқа келтіру бағдарламасы;

5) қатардағы жауынгер бос лауазымдарына тағайындау;

6) тамақтандыруды ұйымдастыру, киім-кешек мүлкімен және жабдықпен қамтамасыз ету;

7) оларды орналастыру үшін бос тұрмыстық-казармалық қордың болуы және т.б.

«ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтынын атап өту қажет. Осыған байланысты, осы мәселені іске асыру әскерге шақырылушылар арасында мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімімен байланысты әлеуметтік теңсіздікке ықпал етуі мүмкін. Жоғарыда мазмұндалғанның негізінде және осы мәселенің бір реттік сипатын ескере отырып, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің және блогерлердің қатысуымен «Әскери дискурс» экстремалды журналистика бойынша оқу-практикалық семинар өткізуді ұсынамыз», — деді ол.

Оның атап өтуінше, семинардың мақсаты журналистер мен блогерлерді экстремалды жағдайда және қаруланған қақтығыс аймағында жұмыс істеуге дайындау, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің мүддесінде одан әрі ақпараттық жұмысты жүргізу үшін байланыс орнату және нығайту болып табылады.

«Оқыту барысында қатысушылар тәжірибелі әскери мамандардан пайдалы білім және практикалық дағды алады. Осындай форматтағы іс-шара бейресми жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ықпал ететінін атап өту қажет», — деді Руслан Жақсылықов.

Другие новости

Back to top button