Журналист Тоқберген Әбиев кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалағаны үшін ұсталды
Журналист Тоқберген Әбиев Youtube-арнасында шындыққа сәйкес келмейтін бейнежазбаларды жою үшін кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша бопсалады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік хабарлайды. «Өткен жылы 14 желтоқсанда Тоқберген Әбиев 50 миллион теңгемен ұсталып, соттың санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Бұдан басқа, Әбиев мемлекеттік органдар қызметкерлері мен азаматтарды адастыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті» ЖШС жеке заңды тұлғасын тіркегені анықталды.
Аталған ұйымның басшысы болып көрініп, сол арқылы билік өкілінің бейнесін жасай отырып, Әбиев кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарынан өзінің жеке мүддесі үшін іс-әрекеттер жасауды, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып ақпарат пен материалдар беруді талап етті», — делінген Антикор хабарламасында.
Агенттіктің хабарлауынша, Әбиев тек өзіне-өзі қызмет ету себептерін көздей отырып, ақшалай сыйақылар үшін жеке тұлғаларға өз ұйымы қызметкерінің қызметтік куәліктерін беріп, оларды билік өкілінің мәртебесі туралы жаңылыстырды. Алайда, Әбиевтің қызметі құқық қорғау органдарының жұмысымен ешқандай байланысты емес. Әбиевтің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріледі.