Жұлдыз Әбдукәрімовамен соттасып жатқан Диляра Тәжімбетованың інісі алаяқтық күдігіне ілінген, ал өзіне қатысты алты іс бар
Актриса Жұлдыз Әбдукәрімова алаяқтық фактісі бойынша пресс-конференция өткізген соң, осы іс бойынша күдікті Диляра Тәжімбетова да адвокатымен бірге баспасөз мәслихатын өткізген еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Диляра Тәжімбетова «TUMARGrandVillage» құрылыс компаниясының актриса Жұлдыз Әбдукәрімовамен ешқандай келісімшарты жоқ екенін айтты.
«Барлық келісімшарт Жұлдыздың анасы Бекзада Кемеловамен жасалды. 2021 жылдың сәуірінде мен Жұлдызбен таныстым. Менің білуімше, ол «TUMARGrandVillage» компанясына зәулім үй сатып алу үшін сату бөліміне келген. Сол кезде бөлім жетекішісімен таныса отырып, өзінің жағдайын айтқан. Қазір ақшасы жоқ екенін, алайда пәтерін бір жылдам астам уақыт бойы сата алмай келе жатқанын жеткізген. Ол сол кездің өзінде өз пәтерінде тұрмай, үйді жалдап тұрып жатты. Жұлдыз сұраған жеңілдікті компания бере алмайтын болғандықтан, белгілі бір бөлігін амбассадор болып өтеуді ұсынды. Менімен танысқан соң ол пәтерді коттеджге алмастыруды сұрады. Алайда компания одан бірден бас тартты. Себебі екінші нарықтағы баспана қажет емес», — дейді Диляра Тәжімбетова.
Тәжімбетова Жұлдыз Әбдукәрімованың бұрынғы пәтерінде ағасы Әбілхан Тәжімбетов тұрып жатқанын растады.
«Біздің бірінші кездесуіміз төрт сағатқа созылды. Жұлдыз Әбдукәрімова өзінің жағдайын айтып, анасына алып беріп жатқан пәтерге жеңілдік сұрады. Компания оның жарнама қызметі үшін ақыры 20 млн теңгені беруге келісті. Ал өз пәтерін 1 жыл бойы сата алмай жүрген актриса менен көмек сұрады. Мен кәсіпкер ағам Диар Абдуллаұлымен сөйлестім. Ол Жұлдыздың пәтерін сатып алып, кейін оны бірден сатып жіберетінін айтты. Себебі Жұлдыз Әбдукәрімова пәтердің ақшасын коттедж алуға құйды, ал ағама ол пәтер керек болмады. Ал оны сатқанша, пәтерде менің басқа ағам Әбілхан 6 баласымен тұрып жатты», — дейді Диляра Тәжімбетова.
Ең қызығы, пәтер өзге адамға сатылған. Дегенмен, қазір онда Әбілғазы Тәжімбетов әлі де тұрып жатыр. Диляраның айтуынша, ол пәтерді жалдап тұрады.
«Мен құрылыс компаниясының қызметкері емеспін. Ол ағамның компаниясы. Диар мен Жұлдыздың арасында айырбастау болған жоқ», — дейді ол.
Диляра Тәжімбетова үй салынған жер учаскесі ешбір мекемеге кепілге қойылмаған деп сендірді.
«Үй салынды. Компания баспананы Жұлдыз Әбдукәрімованың иелігіне береді. Қазір учаскелердің сегментациясы бойынша мәселе туындап отыр. Оны жылдам бітіріңдер деп әкімдікке бара алаймыз. Жер учаскесінде өзге адамдардың үйлері де бар. Компания бұл мәселені жақын арада шешуге тырысып жатыр. Алайда келісімшарт бойынша 24 млн теңге қарыз баспана оларға берілген кезде төленуі керек», — дейді Диляра Тәжімбетова.
Оның айтуынша, сатылған пәтердің құнын Жұлдыз Әбдукәрімова 160 млн теңгеге бағалады.
«Інім Диармен 102 млн теңгеге сату-сатып алу бойынша келісімшарт бар. Ал 58 млн теңгені қолма-қол ақша ретінде төлеуін сұрады. Себебі ертең коттедж біткен соң жөндеу жұмыстарына ақша керек болатынын айтты. Ол қаржыны Диар 2 айдың ішінде Жұлдызға төлеп берді. Кейбірін қолма-қол ақшамен, жарты ақшаны аударма арқылы берді. 102 млн коттедж алуға салынды. Жұлдызға ақша құйылды деген ордер де берілді. Барлығы заңды түрде болды», — дейді ол.
Айта кетейік, Диляра Тәжімбетованың інісі Диар Тәжімбетов ірі алаяқтық жасады деген күдікпен қазір тергеуде отыр. Диляра Тәжімбетова оны растады.
«Ол пәтерді сатып алған соң меншік онікі. Не істесе де, ол өзі біледі. Бүгінгі таңда Жұлдыз Әбдукәрімова 24,3 млн теңге компанияға қарыз. Ал сол ақшаны актриса көп күткені үшін алып тастауды сұрады. Ал құрылысшы үйді тегін салып бермейді. Жұлдыз менің туғаным емес, онсыз да 50 млн теңге жеңілдік жасап, 20 млн теңгені амбассадорлық үшін төледік», — дейді Диляра Тәжімбетова.
Осыған дейін Диляра Тәжімбетованың үстінен тағы 6 адам арыз түсіргенін жазған едік.
«Иә, арыз жазғандар бар. Төрт адам жеке және бір заңды тұлға (компания-авт.) болып отыр. Менің өзге де кәсіпкерлігім бар. Жалғыз Жұлдыздың мәселесімен жүрген жоқпыз. Бірақ олардың арызы бизнеске қатысты, құрылысқа, үйдің мәселесіне қатысты емес. Ол бизнес серіктестерімнің арасында болып жатқан мәселе. Олар жайлы қылмыстық іс аясында ештеңе айта алмаймын», — дейді ол.
Ал Диляра Тәжімбетованың пресс-конференцияда айтқан айыптауларына қатысты Жұлдыз Әбдукәрімованың адвокаты Жанарбек Бектеміров былай деп жауап берді.
«Жұлдыз өзінің пәтерін Диляра немесе Диар Тәжімбетовке сатып алу жайлы ұсыныс жасаған жоқ. Диляра мен Жұлдыздың арасында пәтер мен коттеджді айырбастау жайлы келісім болған. Диляра інісі пәтер іздеп жүргенін айтып, Жұлдыздың пәтерін оның атына жазып беруге көндірген. Оның орнына салынып жатқан үйге қатысты келісім жасап беретінін айтқан. Алайда нотариуста олар Диар пәтерді сатып алған сияқты құжат дайындаған. Диар Жұлдызға ол пәтер үшін ешқандай қолма-қол ақша бермеген жоқ. Тергеу кезінде біз «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына сұрау жолдағанда ол жердің кепілдікте тұрғанын білдік. Ол жер учаскесіне сот орындаушылары шектеу қойған. Бүгінгі таңда Жұлдыз Әбдукәрімова өзінің пәтері мен автотұрағын бере тұра, үй салынған жерді ала алмай жүр. Себебі жер үшінші тұлғалардың құзырында болып отыр. Ол туралы ресми жауап та бар», — дейді Бектеміров.