Алматы

Жол құрылысындағы жемқорлықтың алдын алу – басты міндет

2024 жылғы 23 шілдеде Алматы қаласындағы жол құрылысы жүріп жатқан ныcандарға бірнеше мекеме бірлесіп бақылау жұмыстарын жүргізді.

Бірлескен топ құрамында “Алматы — адалдық алаңы”, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Алматы қаласы бойынша департаменті, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қаласы бойынша филиалы, «Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы» КММ және «Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы» КММ өкілдері болды. Аталған ұйымдар мен мекемелердің қатысуымен Алматы қаласында жол құрылысының мониторингі бойынша жұмыс тобы тексеру жұмыстарын жүзеге асырды.

Мониторинг шеңберінде «Қалқаман шағынауданындағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін Абай даңғылын ұзарту (1 учаске)» нысаны тексерілді. Қазіргі таңда аталған аймақта жер төсемінің негізін салу, инженерлік коммуникацияларды (газ, су құбыры, кәріз, телекоммуникация және электротехникалық коммуникациялар) қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жол өтетін аймақтағы жеке тұрғын үйлерді көшіру, үй құрылысын бөлшектеу бойынша жұмыстар орындалды. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалының инженері Досжан Сұрапбергенов тексеру барысында қандай жұмыстар жүзеге асқанын айтты.

«Абай даңғылын қала шекарасына дейін созу жұмыстары тиісті деңгейде орындалып жатқанын байқадық. Аталған құрылыс нысанынан біздің мекеме жол салуға қажетті инертті материалдар сынамасын алды. Алынған материалдарды зертханаға жөнелттік. Тексеру қорытындысын тапсырыс беруші мен мердігер мекемеге береміз. Ал бүгінгі бірлескен бақылау барысында өрескел ақаулар мен олқылықтар анықталмады», — деді жол сапасын бақылау мекемесінің маманы.

Аралау қорытындысы бойынша жұмыс тобы мердігер ұйымға ұсақ ескертулерді жақын арада жоюға тапсырма берді. Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев Абай даңғылын ұзарту жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталатынын айтты.

Другие новости

Back to top button