Северо-Казахстанская область

Жол жиегінен ерлі-зайыптылардың мәйіті мен арбада жатқан сәби табылды

Еліміздің солтүстігінде жол жиегінен ерлі-зайыптылардың мәйіті мен арбада жатқан сәби табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

 

Жаңа туған нәрестелерін алып серуенге шыққан жұпты мас жүргізуші көлігімен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен екен. Жантүршігерлік жол апатынан аман қалған бала бірден аудандық ауруханаға жеткізілген.

«Тексеру кезінде баланың көлік апатынан зардап шекпегені анықталды. Жағдайы қанағаттанарлық. Бірақ баланың физикалық дамуында артта қалушылық бар. Бала шошып қалған. Жылай береді, дамуында тежеу байқалады. Біз оны күнделікті бақылауда ұстаймыз»,- деп мәлімдеді Булаев аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Айгүл Мұхаметжанова.

Ал екі адамды қағып, оқиға орнынан ізін суытқан Петропавл қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Ішімдікке сылқия тойған азамат қылмысын жасыру үшін Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Образец ауылындағы туысқандарының үйінде жасырынған.

Дегенмен, полицейлер оны сырты зақымданған көлігі арқылы анықтаған. Жүргізуші бірден қылмысын мойындады.

Қазір оның үстінен Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды. Ал оқиға орнында көз жұмған ерлі-зайыптылардың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Олардың артында жаңа туған нәресте мен кәмелетке толмаған екі қызы қалған.

”Ендігі мәселе балаларға қамқоршы кім болатынында. Олар өздерін кімнің жанында жақсы сезінсе, сол адамның қамқорлығына беріледі. Ал егер балалар ешкіммен тұрғысы келмесе, онда жетімдер үйіне тапсырамыз”,- деді М.Жұмабаев аудандық білім бөлімінің бас маманы Талғат Қарабаев.

Другие новости

Back to top button