Жетісу облысындағы мектеп асханасынан тышқан табылды (ВИДЕО)
Жетісу облысының ауыл мектебінің асханасында тышқан жүргені жайлы жазба тараған еді. Бұл оқиғаға қатысты Ақсу ауданынынң білім бөлімі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Видеодағы мектеп Ақсу ауданы Алтынарық ауылының Қаракемер орта мектебінің асханасы болып шыққан.
«Аталған мектеп асханасын 2024-2025 оқу жылына «Шебер» жеке кәсіпкерлігі басқаруға алған. Мектеп асханасына дератизация жұмыстары санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілген. Бұл мақсатта денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жетісу облысы бойынша филиалының Ақсу аудандық бөлімшесімен келісімшарт жасалған. 2024 жылдың қараша айында асхананы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, ол үшін «Фипрат ALT» атты арнайы препарат қолданылған», — деп хабарлады аудандық білім бөлімі.
Сондай-ақ, оқу жылының басында ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ақсу аудандық басқармасы білім беру ұйымдарына тексеру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.
Ақсу аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, барлық жұмыс бекітілген санитарлық талаптарға сай орындалған.