Жетысуская область

Жетісу облысында шаруалар қант қызылшасын егуден бас тартты

Су жетіспеушілігінен бастап, инфляцияға байланысты тыңайтқыштардың да құны шарықтап кеткен

Жетісу облысында шаруалар жаппай қант қызылшасын егуден бас тартып отыр. Небәрі үш-төрт жылда Ақсу ауданындағы диқандардың шамамен 80 пайызы тәтті түбір өсірудің орнына, басқа дақылдарды егуге көшкен. Өйткені судың жетіспеушілігінен бастап, жанармай бағасы да әлі күнге дейін шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Бір ай бұрын ғана бұл өңірге жұмыс сапарымен барған президент қант тапшылығын болдырмау үшін екі зауыттың жұмысын жандандыруға пәрмен берген. Алайда бұл өндіріс орнының басшылығы жергілікті шаруалар өсірген қызылшаға лайықты құнын бермейді немесе мүлдем қабылдамайды деп қапалы.

Александр Квитко – 1999 жылдан бері қант қызылшасын егіп, тіршілігін дөңгелетіп келген шаруа. Алайда биыл 80 гектар егістік алқабына жүгері егіпті. Өйткені соңғы үш жылда тәтті түбірдің пайдасынан көрі машақаты көбейіп кетті дейді. Айтуынша, қант зауыты да маңдай термен келген өнімге лайық баға бермей отыр.

«Былтыр зауыт бір келі қант қызылшасына 15 теңге деп айтты. Мемлекет те өнімді өсіруге 15 теңге бөледі. Енді биыл 2023 жылы қынт қызылшасына бөлінетін баға жария болды. Келесі жылы мемлекет 25 теңге субсидия берсе, зауыт 15 теңге қылып қалдырды. Көктемдегі егіс науқаны кезінде шекер 230-275 теңге болған. Бірақ қазір зауыттан шыққан тәттінің құны 450 теңге. Сонда зауыт шаруаларды ойламай ма?», — дейді шаруа қожалығының басшысы Александр Квитко.

Су жетіспеушілігінен бастап, инфляцияға байланысты тыңайтқыштардың да құны шарықтап кеткен дейді. Одан қалса жанармай да қымбат. Жылдар бойы шешімін таппай диқандарды әбден тоздырған түйткілдердің кесірінен қызылша егетіндердің саны да күрт азайған. Айналдырған үш-төрт жылда 50 шаруа қожалығы тәтті түбір өсіруден бас тартыпты. Мұны әкімдіктегілер де мойындап отыр. Ал биыл қант қызылшасы 800 гектар алқабқа егілсе де, оның 200-ден астамы мүлдем шықпай қалған.

«Жоспар бойынша 25 шаруа қожалық 800 гектар алқапқа қант қызылшасын септі. Енді көктем уақытында ауа райының қолайсыздығына байланысты 235 гектар алқапқа қызылша шықпай қалды. Жердің қыртысына байланысты. Жаңбыр жауды. Енді 565 гектар жинауға жатады. Бүгінде қазу жұмысы жүріп жатыр», — деді Ақсу ауданы жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Азамат Қасымов.

Бұл көлем «АқсуҚант» зауытының көңілінен шықпайды. 2017 жылдан бері қант қызылшасының қажетті көлемі келмей, сол уақыттан бері шығынға біз де батып отырмыз дейді зауыт басшысы. Осылайша зауыт келесі жылдан бастап қамыстан қант шығаруды қолға алмақ. Айта кетейік, бір келі қант қызылшасынан қарағанда, қамыс бағасы әлдЕқайда қымбат әрі шикізат шетелден тасымалданады. Дегенмен қамыстан қант көбірек өндірелген соң, шекер бағасына әсер етпейді дейді басшы. Сондай-ақ зауыт келесі жылы жергілікті өнімді қабылдауға да сөз берді. Бірақ бағасы әзірге белгісіз.

«2023 жылғы баға қылшаны өңдеп біткеннен кейін, жаңа жылдан кейін өзіндік құны саналады да, кейін белгіленеді. Зауыт сол кезде айтады, 15 теңге бола ма немесе одан жоғары көтеріле ме, ол жаңа жылдан кейін белгілі болады. Ол қызылшаның биыл келген құрамына байланысты. Сапасына. Және қанттың өзіндік құнына қаншаға шығады, сату мен зауыттың өңдеуі бар. Соның арасындағы бағаға байланысты болады», — деді «АқсуҚант» ЖШС-нің бас директоры Самат Нәдірбаев.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көктемде Жетісу өңіріне арнайы ат басын бұрған еді. Шаруалар оңтайлы сәтті пайдаланып, дәл осы бітпейтін мәселені көтерген. Әдеттегідей, министр шаруашылыққа қолдау көрсетуді тоқтапаймыз, жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтамыз деп уәдені үйіп-төккен еді. Шаруалар арада бақандай сегіз ай өтсе де, түйткілдердің бірде-бірі әлі күнге дейін шешілмей келеді дейді.

Другие новости

Back to top button