Жетісу әкімі: «Халық қолдаса, Талдықорғандағы Назарбаев көшесін Тәуелсіздік деп атауға дайынбыз»
Жетісу әкімдігі халық қолдаса, Талдықорғандағы Назарбаев көшесінің атауын өзгертуге дайын екенін және бұрынғы президентке арналған ескерткішті жөндемейтінін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ хабарына сүйеніп.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исаевтың сөзінше, оның орнына Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылады. Ол ескерткіш қазір Алматыда жасалып жатыр және бір-екі айдан кейін дайын болады. Оның биіктігі тоғыз метр болмақ, ал құны 300 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Әкім ескерткішті Талдықорған орталығында орнату қажет дейді. Бірақ қала тұрғыны Абай көшесіне қояйық деп ұсынды. Одан бөлек, ол Назарбаев көшесінің атауын алып тастап, бұрынғы атауын – Тәуелсіздікті қайтару керек дейді.
Исаев бұл ұсынысты жұрттың көбі қолдап жатса, құлақ асуға дайын екенін айтты. Ол үшін қала тұрғындары қол жинауы керек екен.
Еске сала кетейік, Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарабев ескерткішін наразы халық Қаңтар оқиғасы кезінде құлатқан еді. Содан бері мүлдем жөнделмеді.