Госорганы

Жеңіс күніне арналған шеру: Ұлттық ұланның 400-ден астам жауынгеріне салтанатты киім әзірленіп жатыр

Ұлттық ұланында Жеңіс күніне арналған салтанатты әскери шеруге қарқынды дайындық жүріп жатыр. Мерекелік шара аясында құқықтық-тәртіп әскерінің тігін шеберханаларында жауынгерлердің әскери киім үлгілері кәсіби деңгейде әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Киімдер арнайы сапалы матадан тігіліп, әскери талаптарға сай пішілуде. Бұл киімдер мерекелік шараның сән-салтанатын арттырып қана қоймай, сап түзейтін сарбаздардың сырт келбетіне салмақты реңк береді. Тігін цехы мамандарының айтуынша, әрбір форма үлгісі нақты өлшемдер бойынша, жауынгердің дене бітіміне сай әзірленіп, максималды ыңғайлылық пен жинақылықты қамтамасыз етеді.

«Әскери форма – бұл жауынгердің ішкі тәртібін, рухын, мақтаныш сезімін бейнелейтін маңызды бөлік. Сондықтан біз киімнің әрбір тігісіне, матаның сапасына, бөлшектердің үйлесіміне үлкен мән береміз», – дейді тігін цехының шебері қатардағы Гүлнұр Әбен.

Киім үлгілерінде ұлттық нақыштағы элементтер көзге айрықша түседі. Бұл – Ұлттық ұлан әскери  қызметшілерінің дәстүр мен заманауи келбетті үйлестіре отырып, Жеңіс күнінің рухын асқақтата түсуіне бағытталған шешім.

Айта кетейік, Жеңіс күніне арналған шеруге Ұлттық ұланнан 400-ден астам әскерилер қатысады. Оның ішінде патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілерінен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерінен тұратын екі есептік топ сап түзеп өтеді. Сондай-ақ, Қазақстанның Күш құрылымдарының құрама оркестрінің сапындағы құқықтық тәртіп әскерлерінің 30 әскери қызметшісі Жеңіс шеруін музыкамен сүйемелдейді.

Ал қазіргі уақытта республика бойынша Ұлттық ұланда 30-ға жуық тігін шеберханасы бар. Онда 40-тан астам әскери қызметші қызмет етеді.

Другие новости

Back to top button