Желіде Түркістан облысының бас имамы қол астындағылардан ақша жинайды деген ақпарат тарады
Түркістан облысы бас имамының басы дауға қалды. Желіде бас имам аудан мен қала мешіттерінің имамдарынан мәжбүрлі түрде қыруар қаражат жинады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде Түркістанға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының келуіне орай, бас имам барлық мешіттегі дін өкілдерінен ақша жинайды деп жазылған. Сондай-ақ оның шотына түскен қаражаттардың түбіртегі де желіде жарияланған. Қыруар ақша бас мүфтидің Түркістанда 2 күндік тамағы мен жатын орнына жұмсалады делінген.
Алайда Ержан Төлепов бұл мәліметті жалған деп отыр. Айтуынша, имамдар ақылы газет-журналдардың ақшасын Төлеповке жіберген.
“Бұл ақпаратты жоққа шығарамыз және оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Имамдар тиімді бағамен мешіт арқылы газет-журналға жазылады. Кейбір дін қызметкерлері білместікпен газет-журнал ақшасын маған аударған екен. Болған жағдайға байланысты арнайы жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Автордың шектен шыққан ісін өзінің ары мен ұятына қалдырамыз”, – деп мәлімдеді Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов.