Жеке кәсіпкерлер МӘМС төлемдері мен жеңілдіктер туралы нені білу керек?

Жеке кәсіпкерлер үшін МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлеу маңызды. Себебі бұл сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін мәртебені сақтауға септігін тигізеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2025 жылы жарналарды қалай дұрыс әрі ыңғайлы төлеу керектігін түсіндірді.
Қанша және қалай төлеу керек?
Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар басқа әлеуметтік аударымдармен бірге тұрақты жарна төлейді. Ол ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын құрайды, яғни 2025 жылы – 5 950 теңге. Егер жалдамалы жұмысшылар болса, олар үшін қосымша төлем жасау қажет. Жұмыс беруші тарапынан олардың табысының 3%-ы (бірақ 25 500 теңгеден аспайды) және қызметкерлердің өздерінен 2% (17 000 теңгеге дейін) ұстайды.
Егер кәсіпкер жалдамалы жұмыс істесе, ол жарналарды жеке кәсіпкер және қызметкер ретінде де төлеуі тиіс.
Кейбір санаттар жарналардан босатылған. Атап айтар болсақ, қызметі тоқтатылған жеке кәсіпкерлер, мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар және күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер.
Белсенді жеке кәсіпкерлікпен айналысатын декреттегі әйелдер қызметін тоқтатпаған жағдайда жарналарды төлеу керек.
Неліктен уақытында төлеу маңызды?
Жарналарды ай сайын немесе бірнеше айға алдын ала төлеуге болады. Төлемнің мерзімі кешіктірілсе қарыз бен өсімпұл қосылып, азамат МӘМС жүйесіндегі мәртебесін жоғалтады.
«Жарналарды уақытылы және міндетті түрде төлеу — баршаның сапалы медициналық көмек алуына кепілдік береді. Жеке кәсіпкерлер тегін емделу құқығын сақтау үшін осыны естен шығармауы тиіс», — дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева.
Бұдан бөлек жеке кәсіпкер жеке клиникаларда емделсе де, төлем жасаудан бас тартуға болмайды. Себебі МӘМС мемлекеттік және жекеменшік мекемелердегі қызметтерді де қамтиды. Егер жеке кәсіпкер қызметін тоқтатса, ол кәсіпкер ретінде төлеуін тоқтатып, жарналарды өз еркімен немесе жұмыс беруші арқылы төлеп, сақтандыру мәртебесін сақтап қала алады.
Төлемдерді (жарналар мен аударымдар) банктер, мобильді қосымшалар және «Қазпошта» АҚ кассалары арқылы 122 және 121 кодтарымен төлеуге болады. Осы ретте ЖСН, толық аты-жөні және сомасын дұрыс көрсеткен абзал.