Ғылым және техника

Жасыл желек құлазудан құтқарады

Қала мен дала немесе табиғи орта адам денсаулығы мен миына әрқилы әсер етеді. Германияның Макс Планк атындағы Адам дамуы институтының ғалымдары бұл мәселені зерттей келе, табиғат аясында өткізген бір сағаттың өзі адам бойындағы күйзелісті жоюға жеткілікті екенін дәлелдеді.

Бүгінгі таңда әлем халқының 50 пайыздан астамы қалаларда тұрады және бұл сан 2050 жылға қарай 70%-ға жетуі ықтимал. Урбанизация қарқыны көбеймесе, азаймайды дейді зерттеушілер. У-шуы көп, индустрияның қайнаған ортасы – заманауи қалаларда тұру адам ағзасының түрлі психикалық бұзылыстарға, депрессияға ұшырауына себепші болады. Адам миының қалыптасуында қоршаған ортаның рөлі зор. Сондықтан да қоршаған ортаның психикалық денсаулық пен миға әсерін зерттеу маңызды. Әлемге танымал Макс Планк институтының (Max-Planck-Institut für Bildungsforschung) зерттеушілері табиғи ортада болудың когнитивті және эмоционалдық артықшылықтарын көрсетіп берді.

Атап айтқанда, табиғатпен етене өмір сүру адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, зейінін қалпына келтіреді және күйзелістен арылуға көмектеседі. Зерттеу барысында бұндай жағымды әсерлер адам психологиясынан да, физиологиялық көрсеткіштерден де (жүрек соғу жиілігі, кортизол деңгейі және т.б.) байқалды.

Мидың күйзелісті басқаруға қатысатын аймақтарына табиғаттың әсерін зерттеу кезінде ормандағы серуеннен кейін адам бойындағы үрей мен қорқыныш айтарлықтай төмендегені көрінді. Тәжірибе барысында түрлі физиологиялық параметрлерді өлшейтін арнайы білезіктер таққан екі адам белгілі бір маршрутпен жүріп отырды, олар алаңдамас үшін жолда мобильді телефон пайдаланған жоқ. Серуеннен кейін әрбір қатысушы томографиялық тексеруден өтті және қосымша күйзелістік тапсырма орындады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, табиғатта серуендегеннен кейін бадамша бездің белсенділігі төмендеген, ал қаладағы серуеннен кейін сол қалпында қалды. Осылайша, табиғат мидың күйзеліске қатысы бар аймақтарына жағымды әсер ететіні анық болды.

Бұл табиғат пен психикалық денсаулық арасындағы себептік-салдарлық байланысты дәлелдейтін алғашқы зерттеу. Ғалымдар зерттеу нәтижелері қала құрылысын жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс деп санайды.

Макс Планк атындағы Адам дамуы институтына қарасты экологиялық нейроғылым жөніндегі топтың жетекшісі Симона Кюннің айтуынша, күйзелісті басқаруға қатысатын ми бөліктеріне табиғаттағы сәл ғана серуен оң әсер ететіндіктен, бұл тәсіл психикалық ауруларға қарсы тиімді профилактикалық шара болуы әбден мүмкін. Және де бұл қалалық өмірдің миға тигізетін зиянды әсерін азайта алады. Бұған дейін Симона Кюн мен оның әріптестері орманға жақын тұратын қала тұрғындарының бадамша безі физиологиялық тұрғыдан сау екенін және сол себепті күйзеліске төзімдірек болатынын дәлелдеген болатын. Жапондық зерттеушілер де орманда серуендеу, табиғатты тамашалап, ләззат алу адам ағзасына пайдалы екенін анықтапты.

Қазіргі уақытта С.Кюн мен оның әріптестері табиғаттың әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы адамдарға жағымды ықпалын зерттеп жатыр. Олар табиғаттағы және қала жағдайындағы бір сағаттық серуеннің ана мен оның сәбиіне қалай әсер ететінін анықтамақшы. Бұл зерттеулер халықтың психикалық денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту үшін үлкен қалаларда жасыл желекті кеңістіктің көп болуы, қаланы жоспарлау саясатында осы мәселені ескеру маңызды екенін көрсетеді.

Әзірлеген Дина Халық

Другие новости

Back to top button