Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған арнайы «Zhas project» гранты бөлінеді
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп үкіметтік емес ұйымдарға арналған 2023 жылға «Zhas Project» мемлекеттік гранттарын ұсыну жөніндегі конкурсты жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конкурстың басты мақсаты жастардың өзекті мәселелерін шешуге, жастарды қәсіби және кәсіпкерлік қабілетін арттыру болып табылады.
Егер 2022 жылы Zhas project жобасы Ақмола, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылса, 2023 жылы еліміздің барлық аймақтары қамтылып 18-35 жас аралығындағы азаматтарға 280 шағын грант бөлінеді. Ауыл жастарының, NEET жастарының және әлеуметтік осал топтағы жастардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше назар аударылатынын айта кеткен жөн.
Жоба аясында білікті жаттықтырушыларды, тәлімгерлерді, психологтарды және әлеуметтік жобаларды іске асыру, ілгерілету және дамыту жөніндегі мамандарды шақыра отырып, шағын гранттарды іске асыру кезеңінде жастарды заңдық және консультативтік тұрғыдан қолдауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету жоспарланған.
Байқауға қатысу үшін өтінімдер 14 тамыз Астана уақыты бойынша сағат 18.30-ға дейін қабылданады.
Жоба жайлы қосымша ақпаратты www.cics.kz сайтынан алуға болады.