Менің балам (Ұл мен қыз)

«Жасанды интеллект» балалар арасындағы суицидтің азаюына әсер ете ме?

Зерттеу барысында балалардың қозғалысын талдау үшін машиналық оқыту алгоритмі қолданылады

Стэнфорд университетінің ғалымдары депрессия белгілерінің ауырлығын өлшеу үшін машиналық оқыту әдісін ойлап тапты. Депрессиясы бар және жоқ 189 адамның видеосұхбатын өңдегеннен кейін жасанды интеллект күйзелісті 85% дәлдікпен анықтай алатыны белгілі болды. Бүгінде мұндай жаңа технология біздің елде де қолданысқа енгізілмек, бірақ жасанды интеллект ересектердің емес, оқушылардың күйзелісін анықтайтын болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мамандардың пікірінше, жас балаларда мазасыздық пен депрессияны анықтау өте қиын, әсіресе ерте кезеңдерде. Кейде мінез-құлықтың және оның ерекшеліктеріне байланысты көрінбейтін симптомдар болашақта баланың мазасын қашырып, тіпті өзін-өзі өлтіру мен есірткі пайдалану қаупінің жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Вермонт университетінің биомедициналық инженері Райан Мак Гиннис зерттеу барысында аталған мәселенің ауқымдылығын ескере отырып, проблеманы дер кезінде анықтау үшін скринингтік технологияның қажеттілігін айтқан. Бұл ретте шетелдік ғалымдар балалардың ішкі күйзелісін анықтайтын арнайы механизмді ойлап табады. Бұл туралы 2019 жылдың 16 қаңтарында PLOS ONE журналында жарияланды.

Мамандар бойында алаңдаушылық сияқты белгілі бір мінез-құлқы бар балаларды жинап, олардың барлығын бір бөлмеге кіргізеді. Артынша ойын ойнамақ болып, күтпеген жерден ортаға жасанды жыланды шығарады. Балаларды ойыншық жыланмен ойнатып, әрбірінің әрекетін арнайы құрылғымен (датчик — авт) бақылайды.

Зерттеу барысында балалардың қозғалысын талдау үшін машиналық оқыту алгоритмі қолданылды. Нәтижесінде 81% дәлдікпен балалардың ішкі күйзелістері анықталды. Айта кететін жайт бұл тек шетелдік мамандардың зерттеуінің нәтижесі.

Өкініше қарай, балалардың күйзеліске ұшырауы біздің елде де жиі кездесетін құбылыстардың біріне айналып барады. Қазіргі қоғамда синтетикалық есірткі тұтынатын оқушылардың жыл сайын артып отырғаны да осыған себеп.

Мәселен Құқықтық статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы елімізде 5 пен 14 жас аралығындағы 35 бала, 15 пен 17 жас арасындағы 55 жасөспірім өз өзіне қол жұмсаған. Ал 2021 жылы 5-14 жас арасында 39, 15-17 арасында 66 бала суицид жасады. Өлім себептері көп жерде көрсетілмегенімен, әдетте психолог мамандар балалардың суицид жасауына ішкі күйзелістің әсер етенін айтады. Көбіне оқушылар ата-анасымен ренжісіп, түсініспеушіліктің туу салдарынан жантүршілігерлік қадамға барады.

Статистикадағы суицид саны азаймай отырғандықтан жауапты ведомстволар бүгінде түрлі шараларды іске асырып келеді. Бірақ өкініштісі нәтиже көңіл көншітпей отыр.

Шетелдік ғалымдардың қолданып жатқан «жасанды интеллект» тәсілін отандық мамандар да қолға алды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Тимур Қастуғановтың айтуынша, мұндай әдіс балалардың бойындағы күйзелісті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар балаларды әлеуметтік желідегі жағымсыз әсерлерден қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күні ҚР-да Бала құқықтары туралы заң бар, оның шеңберінде әлеуметтік желілерде және интернетте балалардың қауіпсіздігі мәселелерін көздейтін баптар қарастырылған. Өздеріңіз білетіндей, қазір әлеуметтік желілерде балалар туралы жеке ақпаратты таратуға немесе заңсыз суретке түсіруге тыйым салынады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бағытта жұмыс істейді. Сондай-ақ, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте екі жоба қарастырылуда», — деді Тимур Қастуғанов.

Белгілі болғандай, екі жоба да гранттық. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта үкіметтік емес секторларды, мамандандырылған компанияларды, сондай-ақ осы салада жұмыс істеп жүрген мамандарды тартуда.

«Аталған жобалар 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта жүзеге асырылады. Біріншісі – жастардың психоэмоционалды жағдайын жақсартуды диагностикалау үшін онлайн-психологиялық көмектің интеллектуалды жүйесінің прототипін жасайды. Екіншісі – білім беру мекемелерінде физикалық қорқытудың ықтимал факторларын автоматты түрде анықтау үшін жасанды интеллектке негізделген бағдарламалық шешімнің прототипін жасауға бағытталған», — деп нақтылады Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы.

Қазір аталған екі жоба бойынша да апробация жүргізілуде.

Жалпы біздегі жасанды интеллект технологиясының қолданылу тәсілі АҚШ-тағыдай емес. Нақтырақ айтқанда отандық мамандар балалардың ішкі күйзелісін әлеуметтік желінің көмегімен зерттеп білмек.

«Бірден айтайын, жасанды интеллектінің мүмкіндігі әлеуметтік желідегі қолжетімді ақпаратпен жұмыс істеуге бағытталған. Яғни егер Instagram-да аккаунт жабық болса, онда жасанды интеллект оған кіруге құқылы емес. Яғни баланың жеке деректеріне қол сұғуға құқығымыз жоқ. Ол әлеуметтік желіде түрлі пост жазады. Сол жерде олар өздерінің ішкі сырларымен бөлісуі мүмкін. Себебі пайдаланушы оған кіруге тыйым салады. Осыған байланысты біз үшін жеке құқықтарды сақтау, құпияны ашпау, жеке мәліметтерді көрсетпеу өте маңызды. Яғни мұның бәрі заңнама аясында сақталады», — деді Тимур Қастуғанов.

Бүгінде бұл жобалар пилоттық режимде санаулы мектепте ғана жүзеге асырылып жатыр. Әзірге ешқандай республикалық шешім қабылданған жоқ. 2023 жылдың соңында осы жобалардың тиімділігіне талдау жүргізіледі. Тек соның нәтижесінде ғана бұл шаралардың қаншалықты өміршең болатыны белгілі болмақ.

«Министрлік әрдайым сарапшы мамандардың ұсынысы үшін ашық. Бірақ бұл жобаға қатысты біз ешқандай ұсыныс алған жоқпыз. Барлық білім беру ұйымдарында «Bala Qorgau» жобасы бойынша QR коды бар тақтайша орналастырылғанын атап өткіміз келеді. Сондай-ақ түрлі ақпараттық ресурстар іске қосылды. Мысалы, балалардың құқықтарын бұзу фактілері туралы хабарлау үшін «Бала өкілі» сайты жұмыс істейді», — дейді Тимур Қастуғанов.

Бұдан бөлек, биылдан бастап елімізде балалардың әл-ауқат индексі енгізілді. Оның мақсаты – балаларға жан-жақты көмек көрсету, қолайлы жайлы орта құру. Бұл ретте әсіресе балалар арасындағы әлімжеттік пен дискриминация, буллинг пен шеттету немесе суицид сияқты проблемаларды шешу жолдары басты назарда болмақ.

 

Другие новости

Back to top button