
Еліміздің бірқатар өңірінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5 пайыз жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаттарының сауалына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді.
«Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 5 пайыз жеңілдікпен кредит берудің өңірлік бағдарламалары іске асырылуда. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында жастар бағдарламалары іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаларға 2017-2022 жылдары аралығында жергілікті бюджеттен және Отбасы банкінің қаражаты есебінен 65,2 млрд теңге (жергілікті бюджеттен 49,9 млрд теңге және банк қаражатынан 15,3 млрд теңге) бөлінді», – деді Роман Скляр жауабында.
Оның айтуынша, осындай бағдарламалар басқа өңірлерде, атап айтқанда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында әзірленіп жатыр.
«Сонымен қатар, республикалық бюджеттің шектеулерін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен басым қамтамасыз етуді ескере отырып, осы кезеңде жас отбасылар үшін жеке бағдарламаны енгізу мүмкін емес», – деді бірінші вице-премьер.
Айта кетcек, қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде 636,3 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде 415,7 мың адам әлеуметтік осал топтарға кіреді.