Выбор редакцииИнтервью

Жақын адамның суицид жасауға бейім екенін қалай анықтаймыз – Психолог өзіне қол салғысы келетіндердің белгісін атады

Өз-өзіне қол салу – елімізде белең алған, өзекті мәселелердің бірі. Ranking.kz мәліметі бойынша, 2022 жылы 3700 адам суицид жасаған. Мамандар адамдар іс-әрекеті мен сөзінде өлімге бейімділік байқалған сәтте оған көмекке келуді сұрайды. Stan.kz тілшісі психолог-практик Ермек Нұрымовтан суицид жасауға бейім адамдардың белгілері мен оны байқаған жағдайда қалай әрекет ету керегін сұрап білді.

 

Психологтың айтуынша, қазіргі таңда адамдар рухани бос. Яғни рухани құндылықтардың болмауы, мақсатсыз өмір сүру өмірден қажытып, өзіне қол салуға себеп болуы мүмкін.

“Психолог Виктор Франкл “Логотерапия” кітабында суицид жасауға бейім адамдардың психологиясы айтылған. Автор адамның жүрегін вакуумға балайды. Ондай арам ойлар мазаламас үшін вакуумды жақсы нәрселермен толтыру қажет. Қазақи құндылықтар, діни тәрбие, адамгершілік, жақсы-жаман түсініктерін сіңіру маңызды”, –деді маман.

Ол тым ынжық, өз шекарасын белгіле алмайтын немесе өз ойын ашық айта алмайтындардың қиын сәтте сондай қадамға баруы мүмкін екенін айтты. Мәлімдеуінше, ынжық адамдар өз сезімін, эмоциясын шектен тыс тыйып, өз ішіне сақтай бергенде, оның бәрі бір күні жарылып, салдары жаман болады.

Сонымен қатар суициалды ой елдің назарына мұқтаж адамдарға келуі мүмкін екенін тілге тиек етті. Оған көңіл бөлінбеген сәтте ол назар аударту үшін ең экстремалды шешімдерге барады.

Алайда кей кезде кез келген адамның ойына өлім туралы ой келіп, о дүниелік болғысы келетін сәттер болады. Маман бұған үркудің қажеті жоқ екенін айтады. Айтуынша, кемінде бір рет болсын әр адам бұл туралы ойлап көрген. Бірақ бұл ой жиі келсе, суициалды бейімділік бар екенін білдіреді.

 

Суициалды ой мазалап жүрген адамдардың белгісі

  • Садизмге бейімділік

”Өзіне қол салуға бейім жандар денелеріне жарақат салады. Қолын тырнау, шынтағының айналасын ұстарамен кесіп, темірмен жыруы мүмкін. Әрі оны жеңі ұзын киімдермен жабуға тырысады. Сонымен қатар өзінің тізесі мен сан арасына жиі зақым келтіреді”, – деді Нұрымов.

  • Өлім туралы жиі айту

Маманның айтуынша, суициалды ой мазалап жүрген адамды сөзінен байқауға болады. Ондай адамдар жиі өмірге зауқы жоқ екенін айтады.

“Өмірден шаршадым”, “өмір қызық емес, еш мәні жоқ”, “өлгім келеді” деген сөздерді жиі айтқандарға селқос қарамаңыздар. Себебі бұл да – бір қадам”, – деді психолог-практик.

  • Өлімге қатысты суреттер салу

Шимай-шатпақ, қара түсті суреттерге қызығушылық артып, түрлі мәнсіз сызбалар салады. Маман, әсіресе, асылып тұрған адамның, өлімге қатысты суреттерді жиі салады, жиі суициалды ой мазалайтынын айтты.

“Алайда кей сәтте ешқандай айқын белгілер болмайды. Сыртынан қарапайым адам секілді жұмысына, сабағына барып жүреді. Басқалардың көзімен тым жақсы өмір сүріп жатқан адам әп-сәтте өмірін қия салуы да мүмкін. Менің практикамда да қарапайым студенттер болған. Бір қарағанда бәрі жақсы боп көрінгенімен, іші алай-дүлей. Оны арнайы сұхбат барысында, диагностикалық даму картасын жүргізгенде ғана анықтауға болады”, –деді Ермек Нұрымов.

Жақыныңыздан суицидке бейімділік байқалса, не істеу керек?

“Жақыныңыз өзіне қол салғысы келетінін байқасаңыз, байбалам салудың қажеті жоқ. Онымен ашық сөйлесуге тырысып, не нәрсе кедергі келтіретінін сұрап көріңіз. Арада диалог орнамаса, еркінен тыс айтуға мәжбүрлемеңіз. Психолог-психотерапевт көмегіне жүгініңіз”, – деді жан саулығын емдеуші маман.
Айтуынша, психотерапевтер мұны суициалды көңіл-күй диагнозы бойынша емдейді. Себебі бұл – жан жарасының асқынып, үлкен дертке ұшырауы.

“Өлімге ұмтылыс бірден пайда болмайды. Алғашында ойды мазасыздық билейді, ол стресске ұштасады, содан кейін күйзеліс пайда болады. Күйзелістің өзі жеңіл, орта, ауыр деңгейде деп бөлінеді. Ауыр деңгейде күйзеліс болған кезде дәрілер тағайындалуы мүмкін. Оны бір жыл көлемінде емдеп, тұлғаны бақылауда ұстайды”, – деді Нұрымов.

Другие новости

Back to top button