«Жәннатқа кіргің келсе, осы қиындыққа көнуің керек»: жат ағымдағы ер адамның әйелі көрген қорлығын жайып салды
Деструктивті діни ағым жетегінде кеткен ер адамның әйелі басынан өткен қорлығын баяндап берді. Бұл туралы ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті түсірген «Тамұқ» фильмінде айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Маған бірінші хиджап кигізді”
Әйел алдымен, хиджап кигізгенін, кейін намазға жығыл деп бұйырғанын айтады. Үшкүндікке ертіп апарғанын есіне алады.
– Әр жексенбіде әйелдер жиналады. Дөңгеленіп алады да, кітаптар оқиды. Пайғамбар туралы оқимыз. Мені ол жерге паранжа кигізіп алып барды. Сұмдық суық болды. Еденде жаттық. Ауырып жүрсем де сүйрелеп алып барды сол жаққа. Паспортымды дайындап берді. «Балаларымды сағындым, елге қайтайықшы, егер өліп қалсам, осы жақта қаламын ғой» деп жалынғаныма да қараған жоқ. «Егер өлсең, шаһид боласың» деді. Күйеуің не айтса да тыңдау керек, айтқанынан шықпау керек деп миымызға сіңіріп жіберген ғой. Көзіне де тік қарамаймыз. Жұмыстан келгенде аяқкиімдерін өзі шешпейді, оны шешіп беруіміз керек. Тек жатады, қол-аяғына дейін жуып береміз. «Итаат» деп айтады, жәннатқа сол кезде кіресің дейді. «Егер жәннатқа кіргің келсе, осындай қиындықтарға көнуің керек» деп айтатын. «Он әйелім болса да қасымда жүруің керек» дейтін, — дейді ол.
“Балконға шығармай, қамап ұстады”
Әйелдің айтуынша, күйеуі тіпті балконға да шығармай, қамап ұстаған.
– Бірде өлімші етіп сабап, реанимациядан шығарған кезі де болды. Оған да көндім. Бірақ тоқал алғанда «бәріне шыдадым, бірақ бұған шыдай алмаймын, бұл сенің мазағың» дедім. Теледидар көруге болмайды деп тыйым салды, телефонымды тартып алды. «Тек намаз бен кітап оқы, балаларды соған үйрет» деді. Бір жыл осылай өмір сүрдім. Тіпті балконға да шығарған жоқ. Қайта атам мен енем араласып, сыртқа шығарғанда, сенесіз бе, түрмеден шыққандай болдым. Жабайы болып кете жаздадым. Бірде, балаларым кішкентай, үйде нан бітіп қалып, дүкеннен нан алып келгенім үшін «Неге менің рұқсатымсыз далаға шықтың!?» деп итше тепкілеген. Бұл қорлыққа шыдай алмай, асылып өлейіін деп жатқанда атам құтқарып қалған. Балаларым айтса керек, – дейді әйел.
Әйел бірде қасын жұлдыртып келгені үшін де таяқ жеген. «Осы қасыңды жұлдың ба!?» деп тырнағымен қырып тастаған.
– Осы күні басым қатты ауырады. Өйткені ол «сені жынды қыламын» деп басымнан көп ұратын. Балаларым өскенше тірі жүрем бе екенмін деп қорқамын. Өжет қыз едім, жасық қылып тастады. Тіпті сөйлеуге де қорқатын болдым. Біреу бірдеңе деп сөйлесе, селк ете қаламын. Көп қиындық көрдім. Өзі қырық күнге кеткен кезде квартирада қаламыз. Аш қаламыз ба, пәтерге ақша төленбей жатыр ма, бәрібір еді, қарамайтын, — дейді бейтаныс әйел.