Жаңаөзендегі ауруханада жүкті әйел көз жұмды: Марқұмның туыстары дәрігерлерді жазалауды сұрайды
Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасының гинекология бөлімінде 32 жастағы жүкті әйел Бибі Қуанова көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 17 шілдеде орын алған. Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия әйелдің мерт болу себептерін анықтап жатқанын мәлімдеді. Ал әйелдің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлайды.
Марқұмның анасы Анаргүл Қуанова қызы жүктіліктің жетінші айында болғанын айтты. 17 шілдеде ол жұмыс орнында ауырып қалған.
«Қызымның дене қызуы көтеріліп, құрысулар басталды. Жұмыста оның әріптестері жедел жәрдем шақырған. Алдымен ол жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді, бірақ жүктілікке байланысты қалалық аурухананың гинекология бөліміне жіберілді. Қабылдау бөлмесінің фельдшерлері мен дәрігерлері оны қалыпты түрде ауруханаға жатқыза алмады. Ауруханада лифт жұмыс істемеді, біз оны төртінші қабатқа көтердік. Дәрігерлер өзі босанатынын, ота жасаудың қажет емес екенін айтып, кесарь тілігін ұсынбады», – деді әйел.
Кезекші дәрігер құрсақтағы сәби шетінеп кеткенін айтты.
«Қызымның халі мүшкіл еді. Дем ала алмады. Оған оттегі маскасын беруін өтіндім, бірақ дәрігерлер бұл түтіктерді қалай салу керегін білмеді. Барлық дәрігерлерді тік тұрғызғым келді, өйткені бірдеңе дұрыс емес екені анық еді. Бірақ менен жанжал шығармауды өтінді. Неліктен дәрігерлер «кесарь тілігін» жасау керек емес деп айтқанын түсінбеймін», – деді жүкті әйелдің анасы.
Бірнеше сағаттан кейін Бибінің көз жұмғаны белгілі болған.
«Бұған дейін де Бибі түсік тастады. Ол бұл сәбиін күтті. Ал немқұрайлылық пен әрекетсіздіктің салдарынан үш кішкентай қыз анасыз қалды. Кезекші дәрігер мен фельдшер қызымның өлуіне жол бергені үшін соттатқым келеді. Біздің келісімімізсіз қызымның денесін Ақтау мәйітханасына жіберіпті, онда аутопсия жүргізілді», – деп қосты әйел.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Жаңаөзен перзентханасындағы әйелдің мерт болғаны туралы ақпаратты растады. 32 жастағы әйелдің қайтыс болу себептерін арнайы комиссия анықтайды. Оқиға болған перзентханада қызметтік тексеру басталды.