Жаңа заң ғылымның әлеуетін арттыра ма?
Елдің дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал ететін маңызды саланың бірі әрі бірегейі – ғылым. Отандық ғылымның әлеуметтік-экономикалық дамуға қосатын үлесін арттыру мақсатында Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті депутаттары «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заң жобасын әзірлеп, Үкімет қорытындысына жіберді. Бұл заң бұрынғы заңнамадағы олқылықтарды түзетіп, ғылым саласының әлеуетін арттыруға тиіс.
Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға ЖІӨ-нің 0,13%-ы бөлінеді. Дамыған елдер ғылымды өзінің тұрақты дамуы үшін тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, Германия ғылымға ЖІӨ-нің 2,82%, АҚШ – 2.94%, Финляндия – 3.30%, Жамония – 3,31%, Ресей 1,1%-ын бөледі.
ЮНЕСКО деректері бойынша, пандемиядан кейін әлем елдерінде ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражат өсіп жатыр, сәйкесінше ғалымдардың саны да өсе береді. дүние жүзінде ғылымға ең көп қаржы бөлетін екі ел – АҚШ пен Қытай. Әлем мемлекеттерінің 80 пайызы ЖІӨ-нің 1 пайыздан төмен бөлігін инвестициялайды.
Елімізде қазіргі таңда ғылыми зерттеулер және тәжірибелік жұмыстармен айналысатын 414 ұйым мен 22 мыңнан астам кадр бар. Әйтсе де кәсіби ғылыми кадрлар жетіспеушілігі өткір. Ғалымның, инженер-конструкторлардың мәртебесін көтеруді талап етеді. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған ғылыми зертханалар жетіспейді.
Жеке бизнестің, өнеркәсіп орындарының, шағын және орта бизнестің ғылымды қосымша қаржыландыру деңгейі өте төмен. Ғылыми қызмет пен оны қолдау тетіктерін қамтитын бірыңғай жүйе жоқ. Осындай себептерге байланысты ғалымдардың идеялары толыққанды іске асырылмайды, қазақстандық экономиканың ғылыми қамтымдылығы көңіл көншітпейді.
Осы орайда қазақстандық ғылымның жағдайын жақсартып, тығырықтан шығару жаңа заңнама қабылдауды қажет етіп отыр. Заңды әзірлеушілер ғылыми зерттеудің нәтижелерін қолданысқа енгізудің тетіктерін заңнама түрінде бекітуді ұсынды.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары әзірлеген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда қаржыландырудың жаңа әдіс-тәсілдері қарастырылып, ғалымдардың зерттеумен айналысуына жағдай жасайтын нормалар енгізілмек.
Заңда өзге де маңызды өзгерістер бар. Мәселен, ғалымның мәртебесін көтеру мақсатында ғалымдар мен инженер-конструкторларға әлеуметтік жеңілдік пакеттерін беру көзделген. Осы уақытқа дейін елдегі жағдайға байланысты шетел асқан ғалымдарды қайтару да ойда бар. Отандық ғылымның басты проблемасының бірі – кадрлар.
Жастарды ынталандыру мақсатында жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына 500 ғалымды жіберу, заманауи менеджерлерді даярлау жағы қарастырылған. Аталған заң қабылданғаннан кейін 2029 жылға қарай халықаралық рейтингіде
Қазақстанның позициясы 65-ші орынға көтеріледі деген болжам бар (қазір 73-ші орында). Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) бойынша жас ғалымдардың үлесі 50 пайыз болады. (ҒЗТКЖ үш саладан тұрады: іргелі зерттеулер, қолданбалы зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялар әзірлемелер).
Бизнес құрылымдардың, жеке меншік сектордың қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға үлесі 50%-ға артады. Қазақстандағы ғылымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-дегі 0,13-тен 1 пайызға өседі. Бір жарым мыңнан астам ғалым базалық қаржыландыру аясында тұрақты негізде жалақы ала бастайды. Жаңа нормалар Мемлекет басшысы Заң жобасына қол қойғаннан кейін келесі жылдан бастап заңды күшіне енеді.
Әйтсе де, ғалымдар Парламент қарауындағы заңда әлі де толықтырылуы тиіс жайттар бар екенін айтады. Соның ішінде гранттық қаржыландыру ерекше орын алады. Белгілі қазақстандық ғалым, астрофизик, физика-математика ғылымдарының докторы Виктор Тейфель ғылымдағы жүйесіздік жөнінде өз пікірін білдіре келіп, барлық сала мамандары базалық қаржыландырумен қамтамасыз етілмесе, көптеген пайдалы идеялар мен жобалар санаттан сызылатынын айтады.
«Соңғы 12 жыл бойы қолданылып келе жатқан гранттық жүйе Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің деңгейін көтере алмады. Мәселен, АҚШ-та ғылым мен технологиялар бойынша бүкіламерикалық байқаулар өткізілмейді. Оларда өзара байланыспайтын ғылыми бағыттар мен басымдықтар арасында жөнсіз бәсекелестік жоқ. Ал біздің конкурстық жүйе іргелі және қолданбалы зерттеулерді, технологиялар мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды мидай араластырып жіберді.
Гранттық конкурстарды жеке-жеке өткізу нағыз ғылымға зиянын тигізеді. Мәселен, жас ғалымдарға арналғангранттар шын мәнінде аға буын мен жас буын арасына сына қағады, білім мен тәжірибені беру сабақтастығын бұзады, ондаған жылдар бойы қалыптасқан ғылыми мектептердің жойылуына әкеп соғады» дейді ғалым. Сондай-ақ гранттарды қысқа мерзімге беріп, уақытын шектеу, жылдам орындалуын талап ету зерттеу нәтижелерінің сапасына әсер етеді.
Ғалымның айтуынша, ғылымды және бүкіл интеллектуалдық ғылыми әлеуетті дамыту жүйелі сипатта, ұзақ мерзімдік қаржылық қолдау арқылы жүргізілуге тиіс. Қалыптасқан мектебі, беделді зерттеуші-ғалымдары бар ғылыми ұйымдар үшін тұрақты және ұзақмерзімдік қаржыландыру міндетті болуы керек. Тейфель ғылыми институттарға жоғары білікті кадрларды – кандидаттар мен ғылым докторларын өздері даярлауға мүмкіндік берілуге тиіс деп санайды. Бұның бәрі жаңа заңнамадан көрініс тапқаны жөн дейді ғалым.
Гранттық қаржыға қол жеткізе алмаған ғалымдар ғылымнан тыс қалады. Тіпті бұл ғалымдардың күнкөріс үшін басқа салаға кетуіне мәжбүрлейді. «Сондықтан да ғылымның барлық саласында (ҒЗИ) базалық қаржыландыруды енгізу керек, бұған мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті жетеді» дейді В.Тейфель.
Бұл пікірді биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай да қуаттайды. «Қазақстан – жер аумағы үлкен мемлекет. Ресурстары да мол. Сондықтан бізде жан-жақты, ауқымды ғылым болуы шарт. Және ол тек мемлекеттік ғылым болуға тиіс» дейді Н.Аралбай. Ғалымның айтуынша, ресурстарды жан-жақты инвентаризациялау – іргелі ғылымның міндеті.
Бұған пайдалы қазбалар, минералды және биологиялық ресурстармен қатар, адами және гуманитарлық-әлеуметтік ресурстар; тарих, мәдениет, экология мен экономика да кіреді.
Азаматтардың игілігін қамтамасыз ету мемлекеттің міндетіне жатады. Ол үшін жоспарлау, міндеттерді іске асыру, мәселелерді шешу, шешім қабылдау қажет. Дәлірек айтқанда, «ғылымның басты тапсырыс берушісі немесе ғылымдағы монополист мемлекеттің өзі болуға тиіс. Бұл монополия түсініксіз халықаралық стандарттарды бас-көз жоқ қабылдай беруден құтқарады» дейді ғалым.
Іргелі және қолданбалы ғылымдағы мәселелерді шешу түбегейлі қолға алынбаса, ілгерілеушілік болуы екіталай. «Қазақстанның қазіргі ғылымында тұтастық жоқ, шашыраңқылық басым. Мысалы, министрліктер мен ведомстволардың ғылыми бағдарламалары мен жобалары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
Олардың ғылыми тақырыптары қайталанып жатқанына еш кепілдік жоқ. Бұдан шығудың жолы – ғылым салаларындағы басымдықтарды дұрыс қою, қаржы ағынын қадағалау, инфрақұрылымды дамыту. Бұл міндет Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясына жүктелуге тиіс».
Ғылымды қаржыландырудың төмендігі, ғылым академиясының қоғамдық ұйымға айналуы, бұрынғы академиялық ҒЗИ-лердің бөлшектенуі, саланы басқарудың бытыраңқылығы ғылымның идеологиялық рөлін елеусіз қалдырды, біртұтас жүйенің, инфрақұрылымның бұзылуына әкеп соқты. Айналдырған 22 мың адамды бірнеше салалық академия, ғылым комитеті, министрліктердің басқарма-департаменттері, ғылыми орталықтар басқарады.
Қалыптасқан жағдайға Президенттің өзі назар аударып, ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесін қайтаруы қайтадан үміт отын оятты.
Ғылым саласындағы тағы бір елеулі мәселе – жоғары оқу орындарында пән кафедраларының біріктірілуі, мамандықтардың оңтайландырылуы. Мәселен, бір ғана биология ғылымы бойынша кезінде ондаған мамандықты меңгерген ғылыми кадрлар даярланған.
«Тек қана биология бойынша 24 мамандықтан диссертация қорғайтын 9 диссертациялық кеңес болған. Олардың арасында ботаника, зоология, микробиология, генетика, физиология, биохимия, цитология тәрізді әрқайсысы жеке және маңызды салалар бар. Сондықтан да биология, химия, физика және басқа ғылымдарға қатысты нақты саясат, даму тұжырымдамасы болуға тиіс» дейді Н.Аралбай.
Мәселен, биология ғылымын дамытуға қатысты тұжырымдама жоқтығының салдары – Қазақстан флорасы, яғни өсімдіктер әлемі туралы энциклопедиялық анықтағыш әлі күнге дейін қазақ тілінде шықпаған. Н.Аралбай және бірнеше ботаник ғалым ұсынған қазақ тіліндегі «Қазақстан флорасы» атты ауқымды ғылыми бағдарлама бірнеше жылдан бері қолдау таппай келеді.
Биолог ғалым шетел журналдарында ғылыми мақала жариялауды талап етудің теріс жағы да бар деп есептейді. «Өйткені біздің ресурстарымыз туралы ғылыми ақпарат шетке кетіп жатыр. Бұл ғылыми эксклюзив еңбектердің құпиясын ашып тастауға, сөйтіп өз бастамаларымыздан айырылып қалуға әкеп соғады» дейді ғалым. Бүкіл ресурстарымызды ғылыми түрде түгендеу мемлекеттік құпия болуға тиіс және ол ел қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заң жобасында осы мәселе де қарастырылған. Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл жөнінде былай дейді: «PhD диссертациясын қорғауға шығу үшін (гуманитарлық және бірқатар бағыттар бойынша) Скопус пен WofS басылымдарында мақала шығару туралы міндет, енді осындай міндетті шарт бола алмайтындығы туралы норма ұсынылады.
Яғни басқа критерийлер мен талаптар бойынша диссертацияларын қорғауға мүмкіндік беруге болады. Мысалы министрлік бекіткен тізімге кіретін журналдар немесе басқа да шарттарды енгізу қарастырылмақ».
Жаңа жобаға сәйкес, ғылыми журналдарды (оның ішінде ғылыми-танымдық журналдар да бар), оқулықтар мен монографияларды шығару бойынша арнайы гранттар бөлу нормасы енгізілмек. Қаржыландыру критерийлері мен тәртібін Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітеді. Осы ретте кезінде талай оқырманның түрлі білім саласына, ғылымға ынтасын туғызған, көпшіліктің қолынан түспейтін сүйікті басылымы болған «Білім және еңбек» журналын айта кету орынды.
Ғылыми-танымдық бағытта ойлы да терең мақалаларымен танылған басылым 1960 жылдардан бастап шықты және қазақ жастарын ғылым мен техникаға баулуды мақсат тұтты. Алғашқы редакторы Камал Смайыловтың бастамасымен геолог Шәмшиден Әбдіраманов, физик А.Қалығұлов сынды әрі ғалым, әрі журналистер ғылыми жаңалықтарды қазақ қауымына жеткізіп, танымдық дүниелермен сусындатты.
Қазіргі белгілі ғалымдардың көпшілігі осы «Білім және еңбек» журналын оқып өскенін айтады. Жуырда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев қазақ баспасөзінде ерекше орны бар басылымның қайта шығарылатынын айтып, сүйінші хабарын жеткізді. Алдағы уақытта өскелең ұрпақты білім мен ғылымға үндейтін газет-журналдар, жаңа медиа түрлері көбейсе, нұр үстіне нұр.
Бұған дейін ғалымдар грант нәтижесіне тәуелді болып, тұрақты қаржыландыруға қол жеткізе алмай келді. Ғылым туралы заңға енгізілген өзгертулердің арқасында ғылыми институттарды базалық қаржыландыру тетігі қайтарылды.
Іргелі ғылыммен айналысатын институттар енді тікелей қаржыландырылады. Президенттің қолдауының негізінде 11 бағыт бойынша конкурстық рәсімдерге қарамастан 1 мыңға жуық қызметкер тұрақты негізде жалақы алатын болды.
Бұл мәселеге қатысты А.Аймағамбетов: «Ғалымдарға тұрақты және үзіліссіз жалақы төлеу үшін біз тікелей қаржыландыруға жататын ғылыми ұйымдардың тізбесін әлдеқайда кеңейту жөніндегі норманы енгізіп отырмыз. Яғни, енді тікелей қаржыландыру тетігіне медицина және аграрлық ғылыммен айналысатын институттар қосылды.
Сонымен қатар ҒЖБМ шешіміне сәйкес, ҒЗИ саны артуы мүмкін» деді. Яғни ғалымдар ғылыми зерттеулерін үзбей жүргізе береді. Осылайша ғылыми қауымдастық мемлекет қолдауын іс жүзінде көретін болады.
Дамыған елдерде ғылым саласын тек мемлекет қана емес, жеке сектор, әсіресе ірі бизнесмендер қолдап, қаражат бөліп отырады. Бұл жағы біздің елімізде ақсап келгені белгілі. Депутат А.Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа заңнамаға жер қойнауын пайдаланушылар ғылымды қаржыландыруға 1% аударым жасап отырады, ол қаржының ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізіледі.
Ғылым сұранысқа ие қоғамда ғалымның да беделі зор. Ғалымдарға қолайлы орта мен жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеті. Жаңа заңнамада ғалымдарды әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шаралар қарастырылады: ЖОО мен ҒЗИ-да жалақыны сақтай отырып, зерттеулер жүргізу үшін жекелеген ғалымдарға шығармашылық демалыс (sabbatical) беру жөніндегі нормалар ұсынылады.
Ғылымда белгілі бір үлесі бар жас ғалымдарға тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жеңілдетілген несиелер бөлу нормалары көзделген Қауымдастырылған профессор және профессор атақтары үшін қосымша ақы белгілеу жөніндегі норма енгізіледі. Үкімет қорытындысын алу үшін жолданған ұсыныстарда осындай нормалар қамтылған.
Авторы Дина ИМАМБАЙ