Жаңа салық кодексі қабылданды: кімдерге «ауыр соққы» тиеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойып, соңғы онжылдықтардағы ең ауқымды фискалдық реформалардың бірін іске қосты. Енді бастысы “экономиканы жаңғыртудың шығынын кім өтейді — бизнес пе, халық әлде бәрі бірге ме?” деген сұрақ туындайды.
Қол қойылған құжат екі жылға жуық уақытқа созылған шиеленістің шарықтау шегіне айналды. Осы уақытқа дейін қоғамда мемлекет басшысының елдегі ең басты заңдардың біріне неге қол қоймай жүргені қызу талқыланды. Өйткені кодекске енгізілетін кейбір түзетулерге алдын ала қол қойылған болатын. Енді бәрі артта қалды, алда жаңа салық кодексін енгізу кезеңі келе жатыр.
РЕАКЦИЯ
Бизнес қауымдастықтың жаңа салық кодексіне берген бағасы байсалды. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері алаңдаулы. Олар тек салық мөлшерінен емес, әкімшілік жүктеменің артуынан да қауіптеніп отыр.
– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі мен МӘМС аясында дәрі-дәрмекті ҚҚС-тан босатқанымыз жақсы. Бірақ сонымен қатар медицина бұйымдары бұл тізімнен шығып қалды. Енді оларға 16% салық салынатын болады. Бұл шамамен 700 атаулы бұйым: шприцтер, қолғаптар және т.б., – деді «ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов президент кодекске қол қойғаннан кейін «Атамекен» ҰКП-да өткен жиында.
Сұлтановтың айтуынша, бұл келер жылдың қаңтарынан бастап медицина бұйымдарының қымбаттауына әкеледі.
– Қоғамдық тамақтану саласында таза пайда 4%-дан 8%-ға дейін. Мен Астанадағы қоғамдық тамақтану нысандары 6% салық төлей алмай ма деп алаңдаймын. Мен ұлттық экономика министрлігі басшылығына неге 4%-дан жоғары бөлшек салығын төлей алмайтынымызды түсіндіріп қойдым, – деді ҚР қоғамдық тамақтану саласының өздігінен реттелетін ұйымының жетекшісі Вероника Дауғалиева.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұндай мөлшерлемені тек премиум сегмент, яғни қымбат мейрамханалар ғана төлей алады. Алайда олардың саны күннен күнге азаюда, ал қоғамдық тамақтанудың негізгі бөлігін асханалар мен шағын кафелер құрайды.
– Мен үй маңындағы дүкендерге арналған экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ОКЭД) назар аударуды сұраймын. Қазір сауда алаңы 20 шаршы метр және 2000 шаршы метр болатын дүкендер бірдей экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішімен жұмыс істейді. Бұл бизнес түрлеріне қойылатын талаптар бірдей бола алмайтынын түсінеміз. Бұл бастауыш оқушысы мен кішкентай сәбиге бірдей талап қоюмен тең, – деп түсіндірді микро және шағын бизнес пен сауда республикалық қауымдастығының жетекшісі Марина Бошель.
2026 ЖЫЛЫ ТАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛУЫ МҮМКІН
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, мемлекет алдыңғы салық кодексінің ескіргенін жақсы түсініп отыр. Онда тым көп түзету болған және жаңа құжат қажет. Ең бастысы – кодекс әділ болуы керек.
– Неге екенін білмеймін, бәрі ҚҚС өсіміне назар аударады, бірақ меніңше, бұл құжатта бұдан өзге де маңызды, әзірге қабылдау қиын күрделі дүниелер көп. Ең қарапайым кодекс Шыңғыс ханның кодексі болған, 10% және сонымен бітті. Бірақ оның өзінде де сұрақтар туындаған. Ал мынау өте күрделі құжат. Сондықтан қарсылық болады, ал бұл қалыпты жағдай. Сонымен қатар, кодексте әлі де кейбір кемшіліктер барын мойындауымыз керек, олар 2026 жылы реттеледі, ал 2027 жылы біз жаңа түзетулерімен толыққан салық кодексін қолымызға аламыз. Бәрін алдын ала болжау мүмкін емес, сол себепті келесі жылы бұл құжатқа тағы бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін, – деп болжайды қаржыгер.
Сарапшы кодекс әзірлеу жұмысы әлі де экс-премьер-министр Әлихан Смайыловтың тұсында басталғанын, кейін Олжас Бектенов кезінде жалғасқанын еске салды.
– Салық кодексі деген жай ғана премьер немесе тіпті президенттен де үлкен нәрсе. Бұл бизнес қандай ережемен өмір сүріп, жұмыс істейтінін айқындайтын құжат. Сондықтан күмән болуы – қалыпты нәрсе. Жеке өзім үшін салық кодексіндегі ең маңызды мәселе – бұрын заңды болған, бірақ қазір алып тасталған бизнес құрылымын «дробление» арқылы бөлу нормалары. Мұндай тәсілдерді заңда қолдануға болмайды. Бұған дейін «бөлшектеу дұрыс» деген пікір көп айтылды. Бірақ менің ойымша, бұл дұрыс емес еді, дегенмен заң оған жол берді, – деп түсіндірді Рысмамбетов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде мемлекет әлеуметтік шығындарды оңтайландыруға аса қатты ұмтылып отырған жоқ. Сонымен қатар, егер кодекс салық түсімдерін арттыруды ынталандыруы тиіс болса, онда мемлекет бұқара халықты, тіпті үміттенбеген азаматтарды да қолдауы тиіс, дейді сарапшы.
– 2024 жылы елде алғаш рет ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру ұсынылғанда бұл инфляцияны өсіріп жіберді, бірақ сол кезде салық көтерілген жоқ. Кейін қайтадан ҚҚС-ты әуелі 20%-ға, кейін 16%-ға дейін көтеретіні айтылды. Бұл да инфляциялық күтулерге әсер етті. Бұрынғы және қазіргі үкімет ҚҚС-ты 2 рет көтеретінін мәлімдеді және бұл, әрине, бағаға әсер етті. Сондықтан, менің ойымша, үкіметтің енді шегінер жолы болмады. Егер бұл жолы тағы да кодексті енгізуді кейінге қалдырғанда, демек, біз құжаттың өзін енгізбестен елде екі рет бағаны көтеріп жіберер едік, ал бұл дұрыс емес, – дейді сарапшы.
КЕМШІЛІКТЕР
Кодексте кездесетін кемшіліктерге қатысты түсініктемені кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров жалпы түрде баяндады.
Ол әзірге үш негізгі қайшылықты атап өтті.
– Бұл ҚҚС-тың алдын ала төленуі, ол шағын және орта бизнеске қысым жасап, кері әсер етуі мүмкін. Азаматтық талаптар шеңберінде емес, салық органдары тарапынан әкімшілік әділеттілікке жатпайтын мәмілелердің жойылуы, яғни тексерусіз шешім қабылдау. Сондай-ақ, кәсіпорындарды тіркеуден алып тастау және оларды Азаматтық кодекске қайшы түрде жарамсыз деп тану, – деп тізіп шықты ол.
Сонымен қатар, егер осы үш мәселе реттелсе, содан кейін ғана төртінші мәселеге – арнайы салық режиміндегі ШОБ шығындарын шегерімге қабылдамауға көшуге болады, деп жалғастырды Нұров.
Оның пікірінше, тағы бір назардан тыс қалған мәселе бар. Бағалы қағаздармен жасалатын операциялар салық салуға жатқанда тек табысты бөлігі ғана есепке алынады, ал шығынды бөлігі ескерілмейді. Бұл жерде табысқа ғана емес, қорытынды сальдоға салық салу керек, өйткені кейін ол табыс керісінше минусқа кетуі мүмкін, деп санайды ол.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ
Салық кодексіндегі негізгі нормалардың бірі – ҚҚС-тың жаңа мөлшерлемесі: 16%. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 2026 жылдан бастап төмендетілген мөлшерлеме – 5%, 2027 жылдан бастап – 10% қолданылады. Баспа өнімдеріне 10% ҚҚС мөлшерлемесі көзделген. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке дейін (яғни 40 млн теңгеге дейін) төмендетілді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі қызметтер, сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу ҚҚС-тан босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері ЖТС-тан (жеке табыс салығы) босатылды.
10 жылдан асқан автокөліктер үшін көлік салығы төмендетілді. Жер салығы алынып тасталды. КТС (корпоративтік табыс салығы) 20% деңгейінде сақталды. Алайда банктер мен ойын бизнесі үшін ол 25%, ал әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% болады. Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингінің бағалы қағаздары бойынша кірістер 2031 жылға дейін КТС-тан босатылады.
Сән-салтанат салығы енгізілді. Ол 75 млн теңгеден жоғары тұратын люкс автокөліктерге, 100 млн теңгеден қымбат кемелерге, литрі 0,5 млн теңгеден асатын алкогольге және бір данасы 10 мың теңгеден қымбат сигарларға 10% мөлшерлемеде белгіленді.
Сондай-ақ, егер жылжымайтын мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы артады. Бұл ретте бизнес шоттары салық бойынша шағын берешек үшін бұғатталмайды. Барлық шаралар берешек сомасына қарай кезең-кезеңімен қолданылатын болады.
Айта кетейік, салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.