Ғылым және техника

Жаңа Қазақстанға ботаника ғылымы қажет пе?

Жаңа Қазақстанның ботаника ғылымы қай бағытта дамуы тиіс? Салалық ғылымда қалыптасқан күрделі ахуалдың себебі неде? Ауыл шаруашылығы ғылымдарының тоғысында тұрған ботаниканың шетқақпай қалуы неден? Қазақ тіліндегі терминология қашан бірізді болады? Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен екі күндік форумда ғалымдар осы және басқа өзекті сауалдардың жауабын қарастырды.

 

Бүкіл адамзаттың өмірі мен тіршілігін өсімдіксіз елестету мүмкін емес. Аса маңызды азық-түлік көзі болумен қатар, өсімдіктер оттегінің басты өндірушісі екені белгілі. Сондықтан да өсімдіктерді зерттеумен айналысатын ботаника ғылымы адам өмірімен, оның тіршілігімен тығыз байланысты. Алайда бүгінгі таңда отандық ботаника ғылымында шешімін күткен мәселелер аз емес.

Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Жаратылыстану ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, биология ғылымдарының докторы Нұғман Аралбайдың айтуынша, табиғи ресурстар саласындағы егемендік – мемлекеттік егемендіктің құрамдас бөлігі.

«Биоалуантүрлілік туралы халықаралық конвенцияда әр мемлекеттің өзінің биоресурстарына егемендік құқығы бар екені және оларды сақтауға жауапты екені тайға таңба басқандай жазылған. Ботаниктер форумының мақсаты да осы, генетикалық-ресурстық егемендігімізді қамтамасыз етуге үлес қосу. Бұл міндетті іске асыруда ботаника ғылымының рөлі зор», — деді ғалым.

Жиында ғалымдар ботаниканың ғылыми негіздері, цифрландыру, палеоботаника және геоботаника саласындағы түйткілдерді кеңінен қозғады. Мәселен, еліміздегі 7 ботаникалық ғылыми-зерттеу институтынан тәуелсіздік жылдары тек екеуі қалған. Жоғары оқу орындарындағы ботаника кафедралары жабылған. Инфрақұрылым әлсіз. Геоботаника мен палеоботаника тоқырап тұр. Кадр даярлау мәселесі өткір. Табиғи жайылымдарды сақтау мәселесінде шешімін күткен жайт көп.

Ғалымдардың айтуынша, мұның басты себебі –ғылымдағы жүйесіздік.

«Профессор Н.В.Павлов, Б.А.Быков, академик И.Байтулин сынды көрнекті ғалымдар негізін қалаған қазақстандық ботаника ғылымындағы инфрақұрылым алғаш нарыққа көшкен жылдары бұзылды. Жұмысы жолға қойылған бірнеше ғылыми-зерттеу  институтынан айырылып қалдық. ЖОО-ларда ботаника және зоология кафедралары жабылып, бұл пән жеке оқытылмайтын болды. Орта мектеп бағдарламасынан да алынып, жалпы биология пәнінің құрамына енгізілді. Ботаникадан базалық білімі жоқ маман биолог бола алмайды. Бұл ғылым ауыл шаруашылығының барлық салалары үшін қажет. Мал жайылымы, жем-шөп өндірісі, экология, дәнді дақылдар саласы, барлығы ботаникалық білімге мұқтаж. Біз ботаника және зоология кафедраларын қайта ашу жөнінде қанша жылдан бері айтып келе жатқанымызбен, тыңдар құлақ жоқ», — деді форумда Қазақстан ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әлихан Мелдебеков.

Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бағының директоры, биология ғылымдарының кандидаты Әмірбек Сихымбаев этноботаникалық зерттеулерге назар аударды. Бұл ең алдымен қазақ тіліндегі ғылыми ақпаратты қолжетімді етуді білдіреді.

Ғалымдар осы міндетті жүзеге асырудағы маңызды іс-шара – «Қазақстан флорасы» атты энциклопедиялық анықтамалық жобасы Ғылым комитеті жариялаған конкурстарда сарапшылар тарапынан қолдау таппағанына қынжылды. Яғни, қазіргі қолданыстағы Мақсатты ғылыми бағдарлама талаптары мемлекеттік тілде ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайсыз.

«Қазақстанда өсімдіктердің генетикалық банкі әлі жасалмаған.
Генетикалық банк өсімдік ресурстарын сақтаумен қатар, азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет». Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Лаура Тохетова генбанк мәселесіне тоқтала келіп, отандық биология ғылымын жаңа форматта дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Дөңгелек үстелде сөз алған ғалымдар елімізде биология саласында қазақ тіліндегі сапалы ақпараттың жетіспейтінін алға тартты. Терминдер мәскелесінде де бірізділік жоқ.

«Соңғы жылдары мектеп оқулықтары туралы сын-пікірлер жиі айтылады. Оның ішінде биология оқулықтары да бар. Егер осы уақытқа дейін қазақ тілінде өсімдіктер туралы бір де бір кешенді ғылыми-энциклопедиялық еңбек жарық көрмегенін ескерсек, сапалы оқулықты қалай талап етуге болады?» деді өз сөзінде Н. Аралбай.

Салалық ғылымда қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, ботаник мамандар қол қусырып отырған жоқ. Соның дәлелі – Түркістан форумында таныстырылған екі кітап.

«Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» атты энциклопедиялық анықтамалық еңбектің идеясы осыдан 27 жыл бұрын туыпты. Басылымның редакторы, профессор Нұғман Аралбайдың айтуынша, еңбектің шығуына кедергілер көп болған. Енді Қожа-Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығының қолдауымен ғылыми айналымға шығып отыр.

Н.Аралбай, А.Қуатбаев, Б.Қасенова және басқа ғалымдар құрастырған еңбекте өсімдіктердің латын, орыс және қазақ тілдеріндегі атаулары, түр ретіндегі анықтамалары мен дихотомиялық кестелер берілген. Төрт томға жоспарланып отырған анықтағыш ботаника ғылымымен қатар, ауыл шаруашылығы, экология, селекция, медицина, тағам өнеркәсібі және басқа сала мамандары үшін үлкен сұранысқа ие.

«Асыл ағаш, асыл шөп» атты серияның 1-томыҚазақстан флорасының негізгі өсімдіктеріне арналған. Мұнда әр тұқымдастың номенклатурасы, биологиясы мен морфологиясы, экологиясы мен географиясы, шаруашылық маңызы туралы құнды ақпарат жинақталған. Бұл басылым орманшы, агроном, табиғат зерттеуші мамандарға да таптырмас дүние. Тіпті елді мекендерді абаттандыруда да бұл зерттеулердің қажет екені анық.

Қазіргі уақытта аталмыш кітаптың екінші және үшінші томдары баспадан шығуға дайын. Қазақ тіліндегі ботаникалық ғылыми оқулықтардың бастамасы – қазіргі қазақ ғылымындағы үлкен оқиға. Алғашқы қарлығаш сынды екі кітап жүйелі жалғасын таппақ. Ол үшін, әлбетте, мемлекеттің қолдауы қажет.

Әлемде азық-түліктің 80% -ін 20 түрлі өсімдік береді. Жер бетінде өсімдіктердің 34000 түрі жойылып кетуге таяу. Құрғақ жерлердегі 2311 өсімдікке жойылу қаупі төніп тұр.

Медициналық препараттардың 80% -де өсімдік пайдаланылады.

Қазақстандағы жасыл жер жамылғысы жылына 220 млн тонна оттегі береді. Ал тұтыну мөлшері – 250 млн тонна.

Қазақстанда өсетін 700-ге жуық өсімдік әлемнің басқа елдерінде кездеспейді.

Қазақстанның эндемик өсімдіктері – жусан мен ерменнің медициналық маңызы зор.

Бұл Түркістан форумында ғалымдар келтірген деректер.

«Өсімдік – биологиялық қауіпсіздіктің басты кепілі. Өсімдіксіз табиғатты сақтау, зерттеу, азық-түлік және тағы басқа көптеген мәселелерді шешу мүмкін емес. Сондықтан да ботаника ғылымына  лайықты назар аударылуы тиіс» — Түркістан форумының ортақ түйіні.

Екі күндік форум соңында ғалымдар арнайы қарар қабылдап, ұсыныстарын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдады.

 

Дина ИМАМБАЙ, арнайы Матрица.kz сайты үшін

Другие новости

Back to top button