Жаңа Ата Заңның жобасына ұсыныстар мен көзқарас-түсініктемелер

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияға
1–Ұсыныс: Преамбулада қолданыстағы Ата Заңда бекітілген «өзіміздің егемендік құқымызды негізге ала отырып» деген қағида (документальный принцип) сақталсын.
Көзқарас-түсініктеме: Бұл қағида Ата Заңымызда бекітілген болса ғана Халықаралық құқықтық құжаттарда Еліміздің егемендігі толық мойындалады, ал біздің Ата Заңымыз тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің кепілі болмақ.
***
2–Ұсыныс: 5-баптың 6-тармағындағы «арнаулы құқықтық режим» ұғымы алынып тасталсын.
Көзқарас-түсініктеме: Бұл ұғымнан туындайтын келесі тезис мынадай – «Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін (5-бап, 6-тармақ). Бұл тезис 2-баптың 1-тармағындағы Унитарлы біртұтас мемлекет пен егемендік құқық принциптеріне қарама-қайшы сияқты. Іс жүзінде бұл – «Үй ішінде үй тігу» деген сөз.
5-баптың 6-тармағын мынадай редакцияда ұсынамын – «Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің әлеуметтік дамуы мен экономикасын қарқынды дамыту мақсатында арнайы Конституциялық заңдар қабылдануына кепілдік беріледі.»
***
3–Ұсыныс: 9-баптың 2-3 тармақтарындағы қағидалар біріктірілсін; 1-тармақтың саяси мазмұны мен мәні нығайтылып мынадай редакцияда болуын ұсынамын:
9-бап.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – Қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы.
- Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қолдануға рұқсат етіледі.
Көзқарас-түсініктеме: Қолданыстағы Ата Заңымыздың 7-бап 2- тармағында белгіленген талап та Конституциядағы унитарлы біртұтас мемлекеттілік қағидасына сәйкес емес. Ата Заңымыздың жаңа жобасындағы «Біртұтас Қазақстан халқы» ұстанымы бойынша, біртұтас халықтың біртұтас мемлекеттік тілі болуы тиіс. «Мемлекеттік тіл» деген ұғымның әлеуметтік, саяси-құқықтық мәні – оның ұлтаралық, ресми тіл екендігін бұл ретте орыс тілін мемлекеттік тілмен тең немесе қатар орынға қою мемлекеттік – қазақ тіліне екіжақты, екіұшты, екіұдайлы саяси көзқарас (двусмысленная политическая точка зрения) қалыптастырып отырғанын мойындауымыз керек. Сонымен қатар, Ата Заңымыз кепілдік берген ұлттардың, этностардың тең құқығы қағидасының (принциптерінің) бұзылуына да себеп болу мүмкіндігі бар екенін ұмытпауымыз қажет. Біртұтас Қазақстан Халқының біртұтас мемлекеттік, ұлтаралық және ресми тілі – ҚАЗАҚ ТІЛІ.
***
4-Ұсыныс: 9-баптың 3-тармағында қолданыстағы Ата Заңдағы 93-баптың қағидалары мен талаптары ескеріліп енгізілсін, 3-тармақ мынадай редакцияда берілсін:
9-бап.
- Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін, әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалықжағдайдың бәрін жасауға міндетті.
***
5-Ұсыныс: 9- бапқа мынадай 4-тармақ енгізілсін:
- Үкімет, мемлекеттік органдар,жергілікті өкілетті және атқарушы органдар, Заңдар және заңнамалық актілер жобасын дайындау кезінде осы баптың талаптарын ескеріп, орындауға міндетті.
Көзқарас-түсініктеме: Соңғы жылдары қабылданған Заңдар мен заңнамалық актілерде қолданыстағы Ата Заңымыздың 93-бабы мүлдем ескерілмеген. Мысалы, 2024 жылы қабылданған ҚР «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңында және заңнамалық актілерде Мемлекеттік – қазақ тілін тәрк етіп, дискриминациялайтын нормалар бар.
Нұғыман Аралбай, биология ғылымдарының докторы, профессор



