Жамбылда сарбаздың өліміне қатысы бар күдікті ұсталды
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі қатардағы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты іс бойынша Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Тараздағы бөлімі тергеу жүргізіп жатқанын жеткізді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тараздың мамандандырылған тергеу соты оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция тағайындады. ҚР ҚПК 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмеуіне байланысты тергеп-тексеру барысы және қылмыстық істің мән-жайлары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілмейді, — делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 451-бабының 2-бөлігі, яғни «Билігін, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланудың ауыр зардаптарға әкеліп соғуы» бойынша қолға алынғаны нақтыланады.
19 тамызда атыраулық әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағанын жазған едік. Қызылқоға ауданы Миялы ауылының 18 жасар тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысындағы «Шөлдала» шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жатқан. Марқұмның туыстары өз-өзіне қол жұмсау болжамына еш сенбейді.