Жамбылская область
Жамбыл облысында «Томирис патшайымның» етегін неге оқушылар көтеріп жүр (ВИДЕО)
Алдын ала ақпарат бойынша, видеодағы әйел адам Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылына келген екен. Оның Тереңөзек ауылына бүркіт сыйлап кеткен видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеода ақ түсті көліктен шыққан, басында тәжі бар өзін Томирис деп атайтын «ханшайымды» ауылдың үлкендері күтіп алып тұр. Ал оның ұзын көйлегінің етегін көк галстук тақққан оқушылар көтеріп жүр.
«Лақап аты – Томирис, шын аты – Гүлсара. Мектепке келді», — дейді видеоны түсірген автор.
Томиристің өзі оқушыларға тілегін айтып жатыр.
«Қазақ елі жасасын, оқыңдар, білімді, білікті болыңдар. Болашақ жасасын. Маңдай жұлдыздарың жарқырай берсін. Жұртымыз жасасын. Еліміз аман болсын», — дейді ол.
Редакция осы видеодағы оқушылар қай мектептің балалары екенін және оларды бұндай шараға кім тартқанын анықтап жатыр.