Жамбыл облысында тағы да қанды апат: жеті адам тіл тартпай мерт болды (ВИДЕО)
Жамбыл облысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының 526-шы шақырымында үш көлік соқтығысып, қорқынышты апаттан жеті адам мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жол апаты 16 қыркүйек күні сағат 18:30-да болған.
«Cadillac Escalade» маркалы көліктің жүргізушісі алдыңғы көлікті басып озып, қарсы бағытқа шығып, қарсы бағыттағы «DAF» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. «Cadillac Escaladе» көлігі содан кейін «Газель» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Екі көлік те оқиға орнында өртеніп кетті», — деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
«Газель» көлігін жүргізіп келе жатқан 37 жастағы жүргізуші, қарсы бетке шығып, апат тудырған «Cadillac Escalade» көлігінің 30 жастағы жүргізушісі мен осы көліктің ішіндегі бес жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қаза тапқандардың ең кішісі – небары екі жастағы сәби.
Естеріңізге сала кетейік, 17 тамыз күні Мерке-Шу-Бурылбайтал тасжолында болған жол апатынан алты адам, оның ішінде екі патруль қызметкері қаза тапқан еді. Полицияның бірі — он бір баланы асырап отырған Ғалым Арыстанбаев болған.