Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін қандай ғимараттарға зақым келгені анықталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бүгін таңертең болған жер сілкінісі тіркелген Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарына барып, зақымданған нысандарды аралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Қазір Меркі орталық аудандық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі “Балдәурен” балабақшасының ғимараттарында және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үй асханасында қабырға жарықтары анықталды. Сондай-ақ Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Абай ауылындағы бір үйде, Жаңатұрмыс ауылындағы алты үйде, ауыл мектебінде және Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Каменка ауылының Мәдениет үйінде қабырға жарықтары бар екені белгілі болды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Арнайы комиссия шығын көлемін бағалау жұмыстарын жүргізеді. Оның құрамына Төтенше жағдайлар министрлігінің Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығының өкілдері енеді. Жалпы әкімдік өңірдегі тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар облыстық «ҚАЗжолсервис» ЖШС филиалының қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарды тексеріп, Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы 45 елді мекенді қарап шықты. Дабыл желісі арқылы Қазақстан мен Қырғыз Республикасының төтенше жағдайлар министрлігі өзара іс-қимыл ұйымдастырды.
Еске салайық, 28 наурыз күні сағат 03:42-де Алматыдан 323 шақырым оңтүстік-батыста, Қазақстан аумағында жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысының тоғыз елді мекенінде жер сілкінісінің сезілу күші 5-тен 2 балға дейін болған. Ең жоғары 5 балл – Меркі ауданының Меркі ауылында тіркелді. Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 баллды құрады, ал Тараз, Шу қалаларында, сондай-ақ Қордай және Мойынқұм аудандарында – 2 балл болды.