Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 13 су қоймасы салынады
Жамбыл облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірдегі су нысандарына жүргізілген тексерулер су шығынының деңгейі өте жоғары екенін, гидроқұрылыстардың тозғанын, объектілерді жөндеуге бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалғанын, сондай-ақ суды үнемдеуде ескірген және тиімсіз технологиялар қолданылғанын көрсеткен.
Аталған заңбұзушылықтарды жою үшін облыс прокуратурасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне және облыс әкімдігіне қадағалау актілерін енгізді.
Жол берілген бұзушылықтар үшін уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды. Сондай-ақ жіберілген қателіктерді түзеу үшін тиісті шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, трансшекаралық сумен жабдықтау мәселелері бойынша бейінді министрлікке суару арналары мен гидротехникалық құрылыстарды ауқымды қайта құру жөніндегі Кешенді жоспар жолданды.
Жоспар шеңберінде өңірде 2025 жылға дейін көлемі 46,2 млн текше метр су сиятын 13 су қоймасы салынады, қазіргі уақытта 3 су айдынының құрылысы басталды.
Сумен жабдықтаудың 13 объектісі бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді, осы жұмыстарды жүргізу үшін алдағы жылға Жол картасын бекітіліп, 1,1 млрд теңге бөлінді.
Су тапшылығы бар аудандарда жерасты суларын белсенді пайдалану бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қабылданып жатқан шаралар кешені вегетациялық кезеңде суармалы суға тәуелділікті трансшекаралық су көздерінен 50% — ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар жарияланған төтенше жағдай нәтижесінде келтірілген залал туралы мәліметтерді қалыптастырудың заңдылығын талданып, негізсіз шығыстардың алдын алудың арқасында 890 млн теңге Үкіметтің резервіне қайтарылды. Облысты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының бақылауында қалады»,-делінген хабарламада.