Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Медициналық әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі моделін сынап тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат МӘМС жүйесін түбі тесілген қайықпен салыстырды.
«Сөзімді салыстырмалы аллегориядан бастасам деймін. Өзенде жүзіп келе жатқан қайықты елестетіңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына қолына шелек алып, суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұдан ештеңе өзгермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық бата береді. Мінә, дәл осындай жағдай қазір МӘМС жүйесінде орын алып отыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек салдарымен күрес жүріп жатыр. Жүйелі рефомалар орнына уақытша шаралар қабылданып жатыр. Бастысы – стратегиялық көзқарас жетіспейді», — дейді Аймағамбетов Мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеп отыр. Осы орайда мәжілісмен бірнеше мысал келтірді.
«МӘМС бойынша бес айлық сәбидің тісін қанқұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қанқұрттан емдеуге болады?! Бұдан да сорақы жағдай, басқа бір адамның 82 тісі емделген екен, соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген. Тағы бір кейс: бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қазір қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр, ашық емес», — деп мәлімдеді ол.