Образование

Жалпы білім беретін мектептің ерекше қажеттілігі бар баланы қабылдамауы заңсыз — министр

Жалпы білім беретін мектеп ерекше қажеттілігі бар баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысының болмауына және ондай баланың білім алуына арнайы жағдайдың жасалмауына байланысты мектепке қабылдаудан бас тартуы заңсыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Мәжіліс депутаттарының сауалына қайтарған жауабында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осындай мәлімет береді. Министр келтірген дерек бойынша, 2022 жылы елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 188 144 бала болған. Заңнама арқылы ПМПК ашу нормасы 60 мыңнан 50 мыңға дейін төмендетілді. Қазір ел аумағында 93 ПМПК жұмыс істейді. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 126-ға жеткізу көзделіп отыр.

«ПМПК қорытындысы ерекше қажеттіліктері бар баланы жалпы білім беретін мектепке қабылдау үшін міндетті шарт болып саналмайды. ПМПК қорытындысы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жоғары коэффициентпен қаражат бөлуге кепілдік береді», — деп жазады ведомство басшысы.

Министрліктің осы мәселені реттейтін құжаттары бойынша, балаларды ПМПК-ға жіберу міндетті шарт емес. Бұл ата-аналарының (заңды өкілдерінің), білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының бастамасы бойынша ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен ғана жүзеге асырылады.

«Жалпы білім беретін мектептің ПМПК қорытындысының болмауына және/немесе ерекше білім беру қажеттілігі бар баланың білім алуына арнайы жағдайдың жасалмауына байланысты баланы мектепке қабылдаудан бас тартуы заңсыз болып табылады. Білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдардың (балалардың) білім алуы үшін арнайы жағдайлар жасау жауапкершілігі білім беру саласындағы жергілікті атқарушы билік органдарына бекітілген («Білім туралы» Заң, 2-тарау, 6-бап, 2-тармақ, 3) тармақша)», — деп жазылған жауапта.

Другие новости

Back to top button