Жалақысынан ұстап жатыр: алматылықтар коммуналдық қызмет үшін 2 млрд теңге қарыз болып қалған

Алматының коммуналдық қызметі тұрғындардан жылу энергиясы үшін қарызды өндіріп алу шараларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің ақпаратынша, Алматы жылу желілері жылу энергиясы үшін миллиардтаған қарызды тұрғындардан сот арқылы өндіріп алып жатыр. Осы процесс аясында тұрғындардың мүлігі мен банк шоттары бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынған. Сонымен қатар берешегінен толық құтылмағанға дейін ыстық су беру тоқтатылады.
«Қазір Алматы жылу тұтынушыларының пайдаланған ыстық су мен жылу үшін жалпы қарызы – шамамен 2 млрд теңге. Қарыз туралы бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, тұтынушылардың бір бөлігі заңды талаптарды елемейді. Биыл жыл басынан бері Алматыда жылу энергиясы үшін төлем жасамаған 600-ден астам абонентке ыстық су беру шектелген. Сонымен қатар заңды тұлғаларға сотқа дейінгі 3345 талап жіберілді. Жылу және ыстық сумен жабдықтау үшін қарызы бар 5184 тұрғыннан қарызды өндіріп алу жұмысы жүргізілді, сотқа талап-арыз берілді», — делінген хабарламада.
Коммуналдық қызметке төлем жасамаған 1 754 борышкерге қатысты шектеу шаралары қабылданған:
- 926 борышкердің мүлкіне тыйым салынды;
- 822 банк шоты бұғатталды;
- 254 борышкерге ел аумағынан шығуға тыйым салынды;
- 144 азаматтың берешегі олардың жалақысы мен өзге де табысынан ұсталды.
Алматы жылу жүйесі қала тұрғындарын жауапкершілік танытуға, қарызды көбейте бермей уақытылы төлеуге шақырды.