Западно-Казахстанская область

«Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу құбырлары 50,7 пайызға тозған

Орал қаласын жылумен қамтитын «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу құбырлары 50,7 пайызға тозған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жылу құбырларының жалпы ұзындығы – 248 шақырым.

Кәсіпорын өз қаржысы есебінен жыл сайын жылу құбырларын күтіп ұстау, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы бөлініп келеді.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның негізгі құрылымдарының тозу көрсеткіші 87 пайызды құрайды. Соның ішінде 1960 жылы салынған жылу-қуат орталығының ғимараттарын айтуға болады.

«Қазіргі уақытта үш қазандық жұмыс жасап тұр. Тағы үшеуі резервте дайын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылу-қуат орталығын қайта жаңғырту бағытында Жол картасын жүзеге асыру жоспарлануда», деді М.Нұртазиев.

Оның айтуынша, соңғы жылдары жылу желілерінде апатты жағдайлар тіркелген жоқ.

Сонымен қатар қазандықтарда апатты жағдай орын алған жағдайда тауарлы газдың болмауына байланысты балама ретінде жылу-қуат орталығы қоймасында 2548 тонна мазут бар. Бұл 75 пайызға қамтамасыз етілген. Қалған 25 пайызының кестеге сәйкес жылыту маусымы кезеңінде орны толады. Қарашада 173,6 тонна келсе, желтоқсан айының соңына дейін 200 тонна мазут жеткізіледі.

Күні бүгін «Жайықжылуқуат» АҚ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға 280,3 млн теңге қарыздар болып отыр. Берешек екі мекеме арасындағы меморандумға сәйкес өтелуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалып отырғанын жазған болатынбыз.

Другие новости

Back to top button