Атырауская область

Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 750 сантиметрге жетті

Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында бір тәулікте 51 сантиметрге көтерілді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 2 мамыр күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша аталмыш гидробекетте су деңгейі 750 сантиметрге жетті (қауіпті шегі – 850 см).

Есесіне Жайық деңгейі Бәйтерек ауданы Январцев ауылында бір тәулікте 7 (820 см, қауіпті шегі – 1 250 см), Оралда 7 (813 см, 850 см), Көшімде 6 (827 см, 850 см) сантиметрге төмендеді.

Көшім каналында су деңгейі 1 сантиметрге (816 см, қауіпті шегінен 16 сантиметрге артық) түсті.

Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жайық суы қарқынды келіп, Ақсуат, Алмалы, Тайпақ ауылдарының тұсынан өтіп жатқанын жеткізді.

Аудандағы «Жайықтехсервис» МКК директоры Тимур Мырзағалиевтің айтуынша, Жайық бойында орналасқан су ұңғымаларын су басуына байланысты ауылдарға ауыз су тасымалдануда.

«Ұңғымаларды су басу қаупі төнуіне байланысты су жинап алу жөнінде ауылдық округтерге алдын ала ескертілді. Қазіргі таңда Мойылды, Ілбішін, Ақсуат, Атамекен, Қарауылтөбе, Базартөбе ауылдарына су тасымалданады. Облыстан су таситын көліктер келе жатыр. Бүгін-ертеңнен бастап округтерге бөлінеді», деді Т.Мырзағалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Көшім каналында су деңгейі қайта көтерілгенін жазған болатынбыз.

Дулат Мақатов елдің ұйымшылдығы су тасқыны кезінде айқын көрінгенін айтты.

Другие новости

Back to top button