Госорганы

Жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреті кеңейтілмек

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша жайылым тапшылығы 30 млн гектарға жуық. Одан басқа, ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің 90 пайызға жуығы шамадан тыс пайдалануына байланысты деградацияға ұшырап отыр. Бұл ретте, 2017 жылы Парламент депутаттары бастамасы бойынша қабылданған «Жайылымдар туралы» заң өз мақсатына толықтай жете алмағанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, VII шақырылымның Парламент депутаттары бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасының негізгі мақсаты – жайылым мәселелері бойынша қолданыстағы заң нормаларын жетілдіру. Бұл тұрғыда 4 заңға өзгеріс пен толықтыру ескерілген», — деді Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор тиісті деңгейде пайданылмай жатқан жайылымдар қандай жағдайда мемлекетке қайтарылатынын айтты.

«Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге жеке тоқталып өтемін. Кодекске сәйкес, егер де жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасының жиырма пайызынан аз болған жағдайда, артық жайылым мемлекетке қайтарылуға жатады. Ал, жайылымның жалпы алаңына түсетін жүктеме нормасының елу пайызынан аз болған жағдайда, артық жайылым қайтарылады. Енгізіліп отырған норма жайылымдарды тиімді пайдалануға бағытталған», — деді С. Дүйсембинов.

Оның айтуынша, Орман кодексіне сәйкес, мемлекеттік орман қорындағы жайылымдарда мал жаюға рұқсат берілген. Бірақ орман қоры жеріндегі жайылымдар туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдарға берілмейді. Осыған байланысты, заң жобасында мемлекеттік орман пайдаланушылар орман қорындағы мал жаюға рұқсат берілген жайылымдар туралы ақпаратты жыл сайын (қараша айында) аудандық атқарушы органдарға беруі туралы міндеттеме енгізілген.

«Жайылымдар туралы» заңға енгізіліп отырған негізгі өзгерістер:

— «қоғамдық жайылым» туралы жаңа ұғым енгізілді. Бұл ретте, қоғамдық жайылымдарға жергілікті халықтың мал жаятын жерлері және осы мақсат үшін арнайы резервке алынған жерлер жатады. Қоғамдық жайылымдарды басқа мақсат үшін пайдалануға немесе оларды алуға заңмен тыйым салынады.

— «қоғамдық жайылым» көлемін ұлғайту мақсатында, ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазірге кезде олар аудандық атқарушы органның құзыретінде. Бұл норманың басты мақсаты — жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және Жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету.

— Жайылымдарды пайдалану туралы жоспар енді 5-жылға арналып жасалады. Қазіргі кезде, Жайылым жоспарлары ұзақ мерзімді (2-жылға дейін) және қысқа мерзімді (1-жылға дейін) тәртіпте құрылып отыр;

— жайылымдарды қорғау, оларды қалпына келтіру туралы жаңа баптар енгізіліп отыр. Қолданыстағы жер және жайылым туралы заңнамаларда мұндай норма жоқ.

Другие новости

Back to top button