Жаһандық жылыну күшейіп келеді: Қазақстанда 190 экстремалды ауа райы құбылысы тіркелді

Қазақстанда 2025 жылғы жазғы маусым қалыпты жылы болғанымен, аптап ыстық пен құрғақшылық жиі қайталанып отыр. «Қазгидромет» мамандарының алдын ала болжамдары мен нақты деректері елдің оңтүстік, батыс және орталық өңірлерінде температураның +45°С-қа дейін көтерілуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, жаһандық климаттың өзгеруі мен ауа райының тұрақсыздығы синоптиктер болжамына әсер етеді. Azattyq Rýhy тілшісі жазғы кезеңдегі ауа райы ерекшеліктері, аптап ыстық кезеңдері, климаттық өзгерістердің ықпалы мен тамыз айына арналған болжам жайлы «Қазгидромет» компаниясына сауал жолдаған болатын.
«Қазгидромет» РМК ұзақ мерзімді ауа райы болжамын регламентке сәйкес кезең-кезеңімен жариялап отырады екен. 15 наурызда сәуір-қазан айларына, яғни жылы кезеңге арналған консультативтік болжам, ал 15 мамырда жазғы мезгілге нақты болжам ұсынылған.
Алдын ала болжамдарға сәйкес, 2025 жылғы жаз орташа ыстық болады деп күтілгенімен, еліміздің көптеген өңірінде температура +30…+38°С, ал оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда +37…+45°С-қа дейін жоғарылауы мүмкін екені көрсетілген.
Маусымдық ауа райы болжамы деген не?
Белгілі бір маусым үшін ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшерінің климаттық нормалардан ауытқуын сипаттайтын орташа метеорологиялық көрсеткіш маусымдық болжамға жатады. Мұндай болжам консультативтік сипатта болады және ай, онкүндік немесе апта сияқты қысқа мерзімді нақты болжамдармен толықтырылып отырады.
Қауіпті ауа райы жағдайларына байланысты нақтылау (корректировка) енгізіліп отырды. Мысалы:
- 1-5 шілде аралығында еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде аптап ыстық пен құрғақшылыққа байланысты №07 дауылды ескерту 30 маусымда жарияланды.
- 9-22 шілде аралығында батыс, солтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерде №08 дауылды ескерту 8 шілдеде шығарылды.
Синоптиктердің болжамдары кейде неге орындалмайды?
Бұл сұрақтың жауабы климаттық және табиғи жағдайлардың жылдам әрі болжап білу қиын өзгерістерімен байланысты. 2025 жылғы 23 маусымда жарияланған аймақтық климаттық баяндамада Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) климаттық өзгерістердің ауа райы болжамдарының нақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
ДМҰ бас хатшысы Селеста Саулоның айтуынша, климаттың өзгеруі экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне және күшеюіне себеп болып отыр. Су тасқыны, нөсер, аптап ыстық, тропикалық циклондар сияқты жағдайлар алдын ала болжам жасауды қиындатып келеді.
Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуразия құрлығының дәл ортасында, мұхиттардан алшақ орналасқан. Бұл фактор жаһандық орташа көрсеткішпен салыстырғанда еліміздің әлдеқайда тез жылынуына себеп болуда.
Қазақстанда жылу рекордтары тіркеліп жатыр
1960 жылдан бері елімізде әр онжылдық алдыңғысынан жылы болып жатыр. 2015-2024 жылдар аралығындағы орташа жылдық температура +6,98°C болды, бұл климаттық нормадан +1,58°C жоғары. Бұл көрсеткіш – онжылдықтар ішіндегі ең жоғары аномалия.
Жылыну әсіресе батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде айқын байқалуда. Ал орталық, шығыс және оңтүстік-шығыста бұл үрдіс баяулау.
Жауын-шашын қалай өзгеруде?
Соңғы онжылдықтарда жауын-шашын мөлшерінің маусымдық айырмашылығы күшейіп отыр:
- Қыс пен көктемде жауын-шашын көбейіп жатыр;
- Жаз бен күз мезгілдерінде – азаю үрдісі байқалады.
Жалпы жылдық жауын-шашын көлемі аздап артқанымен, бұл негізінен қыс пен көктемдегі ылғалдың есебінен болып отыр.
Төтенше жағдайлар саны артып отыр
1976-2024 жылдар аралығында климаттың өзгеруі елімізде түрлі қауіпті және апатты құбылыстар санының артуына әкелді. Соңғы жылдары мынадай ауа райы құбылыстары жиіленіп отыр:
- Күшті жел;
- Су тасқыны (еріген қар мен жаңбыр суы);
- Аномалды суық пен ыстық;
- Құрғақшылық;
- Нөсер жауын;
- Бұрқасын, көктайғақ, бұршақ.
2024 жылы Қазақстанда 190 стихиялық метеорологиялық құбылыс тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13-ке аз болғанымен, ұзақ мерзімді тренд бойынша апатты құбылыстар артып келеді.
Ауа райы құбылыстары қалай өзгерді?
2007-2024 жылдар аралығында, 1991-2006 жылдармен салыстырғанда:
- Күшті қар, жел және бұршақ – 1,9 есе артқан;
- Қатты жаңбыр – 1,5 есе көбейген;
- Тұман 26%-ға, бұрқасын 8%-ға азайған.
Болашақта не күтеміз?
Отандық және шетелдік ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруі алдағы жылдары да экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеп, күшеюіне әкеледі. Бұл жағдай мынандай жағдайларға алып келеді:
- Таулы және жазық өзендердегі тасқындар мен селдерге;
- Көшкіндер мен құрғақшылықтың жиілеуіне;
- Мұздықтардың жылдам еруіне алып келуі мүмкін.