«Жағдайды ушықтырмай шешуге болатын еді»: Бейсембаев «Бағанашылдағы» былықты білген болып шықты

Бүгін үкіметтегі баспасөз мәслихаты кезінде бірнеше журналист Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйіндегі өзекті мәселе туралы сұрақ қойды. Тілшілер көбіне осы мәселеге тікелей жауапты орган – оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты сұрақ астына алған соң біраз мәселенің бетін ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Анықталғандай, министр Ғани Бейсембаев «Бағанашылдағы» балалардың Алматыдан Қонаевқа көшуге мәжбүр болып жатқанын биыл көктемнен бері білген екен. Оны Бейсембаевтың өзі жоққа шығарған жоқ.
«Бұл балалар сізге баяғыдан-ақ хат жазып, проблемаларын айтқан екен. Сіз көктемнен бері осы жағдай туралы біле тұра қол қусырып отырдыңыз және балаларға көмектескен жоқсыз. Қазір әлеуметтік желіде сіздің отставкаға кетуіңізді талап етіп жатқан адамдардың талабы орынды деп ойламайсыз ба?», — деді журналистің біреуі.
Бұған жауап берген Ғани Бейсембаев балаларды Қонаевқа көшіру-көшірмеу туралы мәселе бойынша бірнеше келіссөз өткізгенін растады.
«Балаларды көшіру туралы жергілікті әкімдікпен бірнеше рет келіссөз өткізгеміз. Мен тіпті басқарма басшысын, әкімнің орынбасарын сөйлесуге шақырғамын. Алгоритим жасалған еді. Мәселені олармен бірге шешіп қойған едік. Алайда, соңғы сәтте болған жайтты комиссия тексереді. Сондықтан, комиссияның қорытындысын күтейік, содан кейін қай жерде теріс шешім қабылданғаны көрінеді деп ойлаймын. Мәселеге комиссияның қорытындысы бойынша баға беру әділетті болады деп ойлаймын. Рақмет!», — деді асығыс түрде микрофонын өшірген Бейсембаев.
Журналист келесі сұрағын қойғалы жатқанда араға вице-премьер Ермек Көшербаев араласып, Бейсембаевтың бұл жауабын «шенеуніктің құрғақ жауабы» деп бағалады. Оның үстіне ресейлік «Жмурки» фильмін еске алып, Бейсембаев пен әкімнің дер кезінде шара қабылдамағанын айтты.
«Жоқ, осы жерде мен айта кетейінші. Әрине, шенеуніктің түсініксіз, құрғақ тілімен жауап берсе, бәрін дұрыс айтып отыр. Бірақ, шындығына келгенде, жағдай басқаша. «Жмурки» фильмі естеріңізде ме, сонда «жағдай шиеленісіп кеткенін көрсең, тоқта, кері шегін» дейді ғой. Сол сияқты жағдай. Оның үстіне мен бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Динара Зәкиевамен сөйлескенде ол «әкіммен кездескелі отыр едік» деді. Яғни, жай ғана коммуникацияны дұрыстап жөнге салып, істі соңына дейін жеткізу керек болған. Менің түсінгенім, жағдай кішкене бақылаудан шығып кеткен, өйткені, әкімнің айтуынша, балаларды дәл сол күні дәл сондай жағдайда басқа жаққа көшіреді деп күтпеген секілді. Бүкіл жауапкершілік – атқарушы органда. Бұған жол бермеу керек еді. Мәселе, әрине, үлкен зерттеуді қажет етеді. Өйткені, бұл балалар ресми түрде Алматы қаласының тұрғындары емес, әр аймақтан келген балалар. Заң бойынша бюджет Алматы облысының бюджетінен бөлінеді. Сондықтан, осы мәселе көктемде ушыққан кезде бәрін қолға алып, шешім шығару керек еді», — деді Көшербаев.
Оның айтуынша, жуырда еліміздегі демалыс орындарын аралаған кезде Көшербаев Қонаев қаласындағы жаңа балалар үйіне барған. Егер әр аймақта осындай жаңа балалар үйі салынса, «Бағанашылдағыдай» жағдай болмас еді деген ойын айтты Көшербаев.
«Көктемде келіссөз жүргізу біраз уақыт алатын болса да асықпай бір шешімге келу керек еді. Мәселені шешу керек еді. Балалар көшкісі келмесе, тәрбиешілерін қимайтын болса соның бәрін ескеру керек еді. Тәрбиешілердің Алматыда үйі болса олар көше алмайды ғой, соның бәрін ескеріп кәдімгі карта жасау керек еді. Дәл қазір сондай карта жасалып жатыр. Осыны бұрын жасауға ешкім кедергі келтірмеген», — деді сөзін аяқтаған Көшербаев.
Естеріңізге сала кетейік, 21 шілде күні жергілікті атқарушы орган мен полиция «Бағанашыл» балалар үйіндегі жасөспірімдерді күштеп көшірмек болған кезде балалардың жағдайы нашарлап кеткен. Мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, балалар Алматыдан Қонаевқа көшпейтінін айтты және жергілікті атқарушы органға тиісті тапсырма берді.