Атырауская областьГлавное

“Іздемей-ақ қойыңыз, ұлыңыз суға батып кетті”: Атырау облысында 13 жасар ұлынан айырылған ана әділдікті талап етті

Атырау қаласы Ақжар ауылында 7-сынып оқушысы белгісіз жағдайда суға батып қаза тапты. Марқұмның анасының айтуынша, ұлының суға өз еркімен түсіп, батып кетуі мүмкін емес. Себебі оның көзі нашар көрген және жүзу білмеген. Оның үстіне сол кездері мұрнына ота жасалғандықтан тіптен бұған рұқсат етілмеген екен. Қайғылы қазаға тап болған отбасы бұл істе 13 жасар Мерланды жоғары сынып оқушысы қасақана итеріп жіберді деп күдіктенеді. Себебі Мерланды сол күні көргендердің бәрі анасына “10-сыныптағы оқушы оны суға итеріп жіберді, ұлыңызды іздемей-ақ қойыңыз” деп айтқан екен. Марқұмның анасы Stan.kz тілшісіне болған мән-жайды айтып, әділдікті талап етті. 

Ақжар ауылының тұрғыны Анаргүл Қасантаева жалғыз ұлынан айырылып қайғыдан қан жұтып отырғанын жеткізді. Айтуынша оқиға биыл 21 тамыз күні болған.

“Негізі ұлым сол күні үйде жатқан. Сосын оған біреулер хабарласты. Баламнан кімнің хабарласқанын сұрағанымда өзімен бірге оқитын сыныбындағы егіз балалар екенін айтты. Сөйтіп “қазір келемін мама” деп кетіп қалды. Сағат алтыларға қарай балама хабарлама жазып қайда екенін сұрағанымда “құданың үйіндемін” деді. “Қайдағы құда?” деп сұрадым. Ауылдың адамдарының үйінде жүргенін айтты. Содан кейін қайта-қайта телефон соқтым бірақ балам тұтқасын көтермеді”, – деді Анаргүл.

Мерланның анасы ұлы үйіне оралмағасын кешке қарай сағат 9-10-дардың шамасында оны іздеп көшеге шыққан екен.

“Алдымнан Әли деген бала шығып, “Апай Мониды (Мерлан) іздеп жүрсіз бе?” деді. Мен “иә” дедім. Ол болса, “іздемей-ақ қойыңыз, балаңыз суға батып кетті” деді. Сосын бірден телефон соғып, шақырып алған егіздердің үйіне бардым. Барсам, шарбақтың ішінде үш-төрт бала күліп-ойнап, музыка тыңдап отыр екен. “Мерлан қайда?” дегенімде “апай Мерлан жоқ, босқа іздемеңіз, суға кетіп қалды” деп жауап берді. Мен шошып “жүр барайық” деп едім, олар сөзден тайып, “үйіне қарай” кетті дегендей болды. Мен қоймай, “суға кетті деп айттыңдар қарап қайтамыз” дедім. Сөйтіп егіздің сыңары қасыма келіп, менімен бірге Жайық өзеніне барды. Қасымда 16 жастағы қызым болды. Барған кезде киімін көрсетіп, “апай киімі жатыр, суға кетіп қалды деп айттым ғой” деді. Мен бардым да баламның киімін құшақтап, жылай бастадым”, – деп қосты марқұмның анасы.

Оқиғадан кейін Анаргүлдің айтуынша полицейлер мен ауыл тұрғындары жиналған.

“Мерланның сыныптастарының айтуынша мұны үлкен сыныптың оқушысы істеген. Олар “апай сол Мерланды суға итеріп жіберген” деді. Ол 10-сыныптың оқушысы болатын. Балалар онымен бұған дейін мүлдем араласпағандарын айтты. Ол тіпті өзге балаларға “ешкімге айтпаңдар, әйтпесе бәріміз бірге топ болып сотталып кетеміз. Үйлеріңе барыңдар, ешкімге айтпаңдар” депті.

Ұлымның қатарластары тіпті оқиғаның қалай болғанын да көрген. Айтуларынша, Мерлан суға барған кезде жаңағы ұлға “аға мен жүзе алмаймын ғой” деп айтқан. Ал ол болса “сонда да шешін” деп көндіріп, итеріп жіберіпті. Балам айғайлапты, бірақ ешкім көмекке келмеген. Ол жерде оның дауысын неге ешкімнің естімегінін білмеймін. Себебі жақын жерде үй салып, егін егіп жүрген өзбектер болған еді”, – деді Мерланның анасы.

Осы жағдайдан кейін полицейлер келіп түні бойы судың астынан баланы іздеген. Алайда тек төртінші күн дегенде ғана Мерланның денесі табылған.

“Тергеушіге бар мән-жайды айттым. Алайда істің қалай тергеліп жатқанын білмеймін. Қазір балалар айтқан “Мерланды суға итерді” деген ұл бостандықта, сабаққа барып жүр. Куәгерлер бар, көрген балалар бәрін айтып тұр. Енді сараптаманың жауабын әлі күтіп отырмыз.

Не болса да, бұл іс алдын ала дайындалып, әдейі істелген. Себебі Жайықтың жағасына барғанымда баламның киімдерін бүктеп көзілдірігін жанына ұқыпты қойып кеткен. Тіпті біреулер баламның ұялы телефонының кодын ашып хабарламаларды өшіріп, қайтып блокка салған. Енді аша алмай отырмыз. Instagram-да да атынан біреулер кіріп жүр”, – деп қосты анасы.

Фото Анаргүл Қасантаева ұсынған скрин

Анаргүл қазір мектеп әкімшілігінің кешірім беріңіз деп қоймай отырғанын алға тартты. Айтуынша, 4 қыркүйек күні мектептің психологы үйге келіп “қызыңызға грант беріледі, мектептен шығарып алуыңызға болады” деген сынды әңгіме жүргізіпті.

“Мен сосын ешқандай гранттың қажет емес екенін айттым. Ешкімнен көмек сұрамаймын. Айналдырған үш баламды оқыта аламын. Кейін қоймай хабарласып, “қызыңызға байланысты” деп мектепке шақырды. Барсам, директордың кабинетінде “Мерланды итеріп жіберді-ау” деп күдіктенген баланың ата-анасы отырды. Сөйтсем мектеп бізді алдап шақырып алған екен.

Директор маған: “Ол жерде сіз де болған жоқсыз. Баланың ата-анасы да болған жоқ. Не болғанын ешкім білмейді. Бір мәмілеге келіп, кешірім беруіңізді сұраймыз” деді. Алайда мен кешірім берілмейтінін айттым. Сол жерде жылап, “бізге ештеңе керек емес, жалғыз ұлым еді. Тек кінәлілер жауапқа тартылсын”, дедім”, – деп қосты ол.

Анаргүл Мерланның өздігінен суға түспейтініне сенімді. Айтуынша тіпті мұны қасындағы достары да біледі екен. Себебі Мерланның мұрынына операция жасалған, көзі де нашар көрген.

Анаргүлдің айтуынша, ең сорақысы балалар “суға Мерланды итеріп жіберді” деген 10-сыныптың оқушысының ата-анасы марқұмның отбасына “жала жауып жатыр” деген арыз түсіріпті.

Осы іске байланысты Stan.kz тілшісі Атырау облысының полиция департаментінен пікір сұрады.

“Аталған дерек бойынша барлық жасөспірімдер полиция бөлімшесіне жеткізіліп, психологтардың қатысуымен жауап алынған. Қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды”, – деп жауап берді полиция департаменті.

Қазір Анаргүл бұл іс жылы жабылып қалмаса екен деп тілейтінін жеткізді.

“Жалғыз ұлымнан айырылып отырмын. Әділдік болса екен”, – деп қорытты марқұмның анасы.

Другие новости

Back to top button