Күні кеше біз 9 жасар қыздың ішінен жын шығарамын деп әбден қинаған емшіні тауып, сұхбат алған едік. Ол халық емшісі ретінде «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының лицензиясын алғамын деген болатын. Тақырыпты одан әрі зерттеу үшін бүгін Azattyq Rýhy тілшісі «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының нөмірін тауып, хабарласты. Аудиохат арқылы сөйлескен ер адам өзінің аты-жөнін айтудан дөрекі түрде бас тартты. Аноним мекеме өкіліне екі сұрақ қойылды:
«Сақтар» рухани халықтық медицина орталығы құзырлы мемлекеттік органнан жұмыс істеуге рұқсат алған ба?
Бұл ұйымның басқа емшілерге лицензия беретін құзіреті бар ма?
Спикер сұраққа тура жауап бермей, қашқақтады. Дегенмен «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының лицензиясы бар екенін растады және Кейқуат Оспановқа сертификат қана табыстағанын айтты. Бұған дейін экс-молда Кейқуат Оспановтың емшілік жасауға лицензия алдым деген сөзін теріске шығарды. Оның зілденіп сөйлеп тұрғаны дауысынан анық білінді. Ер адамның аты-жөнін сұрағанда:
«Менің аты-жөнімді не қыласыз әлде бірдеңе іздеп отырсыз ба? Көп сөздің қажеті жоқ маған… Түсінікті ме?… Ол азамат керек болса өзіне хабарласа беріңіз, маған хабарласпаңыз», — деді ол шамданып.
Ұйым өкілі көп журналистпен қарым-қатынасының нашар екенін де жеткізді.
«Аты-жөніңіз кім?» деген сұрақ «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының белгісіз өкілінің шымбайына қатты батқан сияқты, ол сөзін дөрекі түрде тағы да жалғастырып, ақыр аяғында журналистке «Ішіңізге жын-шайтан кіріп кетіп жүрмесін» деген этикаға сай емес сөз айтты.
Ал, Statsnet деректеріне сәйкес, Алматыдағы «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығы мекемесі 20 жыл бұрын тіркелген, Шакиров Амангельды Жакиярович деген адам 2016 жылдан бері басшылық жасап келеді. Мекеме жекеменшік, онда 11-15 қызметкер жұмыс істейді. 2024 жылы 206 мың 161 теңге салық төлеген, жалпы осы уақытқа дейін төлеген салығы — 611 мың 396 теңге болған. Жылдық кірісі – 10 млн 101 мың 889 теңге деп көрсетілген. Алматыдан басқа, Түркістанда, Көкшетауда, Оралда, Шымкентте және Семейде филиалдары бар.
Естеріңізге сала кетсек, 9 жасар қыздың ішінен «жан шығарып» жатқан емшінің әрекеті әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Бейнежазбада екі ер адам жерде жатқан баланың қолын байлап, тамағынан қысып жатқанын көруге болады. Емші баланың ішіндегі «шайтанмен» сөйлескендей түр танытып, сұрақтар қойған. Қиналған бала жылап жауап беріп жатқанын көруге болады.
Кейін оқиғаға байланысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева жазды.