Госорганы

Ірі қалаларды құтқарамыз деп, шалғай ауылдарды ұмытып кеткен сияқтымыз – Ержан Бейсенбаев

Депутат пікірінше жолы жоқ, электр қуатынсыз, байланыссыз қалған елді мекендердің азық-түлік, ауыз су, медициналық қажеттіліктермен қамтылғаны жөніндегі ақпараттар аз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Мәжіліс депутаты Ернұр Бейсенбаев бүгінгі мәжіліс отырысында премьер-минситрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа су тасқынына қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Еліміздің он шақты аймақтарында, су тасқыны жағдайы күрделі сипат алып отыр. Әр сағат сайын, азаматтық қорғаныс қызметтерінің мыңдаған адамды қауіпсіз жерге тасымалдауы, қандай көлемде бөгет құрылғандығы жайлы ақпараттар жаңарып отыр. Ресми мәліметтерде негізінен Орал, Атырау, Петропавл, Құлсары сияқты ірі елді мекендердің атаулары кездеседі», — деді Бейсенбаев.

Ірі елді мекендерге халық пен мемлекет тарапынан бөлінген көмек жеткізіліп жатыр деген депутат шалғай орналасқан ауылдардың жағдайына алаңдаушылық білдірді.

«Ал, шалғай орналасқан шағын ауылдарда қандай көмек көрсетіліп жатқандығы, тіпті олардың саны немесе қанша адам су қоршауында қалғандығы жөнінде ақпарат жоқтың қасы. Түрлі аймақтарда су тасқыны 2-3 апта бұрын басталғанын ескересек, осынша уақыт су, тамақ, медициналық көмексіз қалу шынында өте ауыр жағдай», — деді мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, өтетін жолы жоқ, электр қуатынсыз, байланыссыз қалған елді мекендердің азық-түлік, ауыз су, медициналық қажеттіліктермен қамтылғаны жөніндегі ақпараттар аз.

Сол себепті әлеуметтік желілерде кейбір ауылдарға еріктілер жинаған көмекті жеткізуге мүмкіндігі жоқ деген ақпарат тарап жатыр.

«Жолсыз қалған елді мекендерге жетуге моторлы қайық жетіспейді, алыстағы ауылдарға көмегін тегін апаратын вертолеттар табылмай жатыр.  Мұндай дабыл бірнеше нақты ауылдар жөнінде айтылған болатын. Осы мәселеге уәкілетті органдардың назарын аудару қажет деп есептейміз»,-деген Бейсенбаев келесі мәліметтердің нақты ұсынылуын талап етті:

1. Су тасқыны салдарынан қанша елді мекен қоршауда қалып отыр, әрбір облыс бойынша нақты саны қанша?
2. Су алған ауылдардағы халық саны қанша?
3. Шалғай ауылдарға көмек қалай жеткізіліп жатыр?
4. Мұндай мақсатқа қымбат тікұшақтардың орнына тасымалдаушы дрон қолдану мүмкіндігі қарастырлыған ба?

Сондай-ақ бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Ринат Заитов тосыннан келген топан суға адами салғырттық себеп болғанын айтты.

Другие новости

Back to top button